Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыс: Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Жарияланған күні:

Жансақтау бөлімі
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

26 тамызда Жамбыл облысындағы Қорғаныс министрлігінің қоймасында болған жойқын жарылыс пен өрттен зардап шеккен 35 адам ауруханада жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сілтеме жасай отырып, "Хабар 24" хабарлағандай, зардап шеккендердің бірі жағдайы жақсарғандықтан, жансақтау бөлімінен мамандандырылған бөлімге ауыстырылды.

Зардап шеккен өзге төрт адамның жағдайы әлі де ауыр күйінде қалып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, барлығы 35 науқас ауруханада жатыр, олардың 7-і әскери госпитальда емделуде.

Aibat ақпараттық қызметінің Instagram-дағы парақшасында жазылғандай, жағдайы ауыр деп бағаланған екі әскери қызметкердің денесінің 85 пайызын күйік шалған. Басылымның хабарлауынша, 26 тамыздан бері 93 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен.

Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхаммеджан Таласов барлық зардап шеккендер мен олардың отбасыларына көмек көрсетілетініне сендірді. Оқиға болған аумақ әлі де қоршалған, кіруге тек арнайы қызметке рұқсат етілген.

Жақын орналасқан ауылдарда арнайы комиссия жұмыс істеуде, оқиғадан келген шығын есептелуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бірінші кезекте тұрғын үйлер, кәсіпкерлік нысандар мен инфрақұрылым қалпына келтіріледі.

Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды.

Соңғы деректер бойынша, барлығы 13 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақат алған.

Аталған қайғылы оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі қызметтік бабында жүрген кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың фотосын жария етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапаттау туралы қаулыға қол қойды.

Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Сол арада Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысындағы оқиға эпицентрінде қайта жарылыс болуы мүмкін екенін ескертті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929455-zambyl-oblysyndagy-zoiqyn-zarylys-zardap-sekkenderdin-zagdaiy-turaly-belgili-boldy/