Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ана тілімнің мүддесін қорғау - парызым": Ақтөбедегі тіл жанашыры арнайы топ құрды

Жарияланған күні:

Ақбота Серікқызы
Ақбота Серікқызы: жеке мұрағат

Ақбота Серікқызы Ақтөбедегі белсенді тіл жанашырларының бірі. Өзі күрделі де жауапты мамандық медицина саласының маманы болса да, қазақ тілінің жағдайы оны бей-жай қалдырған емес. Бүгінде облыс көлемінде қоғамға белгілі белсенді адамдардың басын қосып, еріктілер тобын құрып, қаладағы жарнамалар мен көрнекі ақпараттарды түзету жолында, әдістемелік көмек көрсетiп, ескерту жасап жүретін Ақбота KAZ.NUR.KZ порталына арнайы сұхбат берді.

Ақбота Серікқызы Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, Көкбұлақ ауылында дүниеге келген. Өзi емханада СӨС (Салауатты өмір салтын сақтау) дәрігері болып қызмет етеді. Алайда, қазақ тіліне қатысты көзге түскен заң бұзушылықтар мен түрлі қателерді ешқашан айналып өткен емес.

"Тіл жанашыры болғаныма әке-шешемнің де тәрбиесі ықпал еткен шығар. Анам Сәнеш өмір бойы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берiп, талай шәкіртке бiлiм нәрiн берді. Бүгінде әкем Серік екеуі кәсіпкерлікпен айналысады. Алдымдағы төрт ағам да өз істерінің маманы. Ал мен медицина саласында қызмет етемін. Десе де, тіл жанашыры ретінде қала көшелері ме қоғамдық орындарда кездесетін көрнекі ақпараттар, маңдайшалар мен жарнамаларда мемлекеттік тілдегi нұсқасы жазылмағанын немесе қате жазылғанын көрсем, бей-жай қарамай, сол нысанның әкімшілігiне тiл туралы заңды түсіндірiп, әдістемелік көмек көрсетiмiн. Кей жағдайда қазақ тілінде жазылған көрнекі ақпараттарда да қателіктер көрсем, аттап өтіп кете алмаймын", - дейді Ақбота.

Қазіргі таңда Ақбота тіл жанашырларынан құралған еріктілер тобын құрып, жұмыс істеуде.

"Көптеген қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсету орындарында Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңның талаптары сақталмай жатады. Атап айтқанда, жарнама, көрнекі ақпараттар мәтіндері сын көтермейді. Ес білгелі осы тілге қатысты мәселелерге куә болып келемін және өз бетіммен заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп көрдім. Дегенмен, "жалғыздың үні шықпас" дегендей, бір менің жұмысым көп нәтиже бере қоймады. Сондықтан үнге үн қоссақ, айқай емес, "зор дауысқа" айналсақ деген ниетпен, "Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасына" барып өз ұсынысымды бiлдiрдiм.

2020 жыл басынан басқарма мамандарымен бiрлесе отырып, "Ана тілім-арым" еріктілер тобы құрылды. Қала бойынша арнайы рейд жұмыстарына шығып, қала көшелеріндегі мекеме, сауда орындарының атауы жазылған маңдайшалар, көптеген жарнама тақталарды, басқа да көрнекі ақпараттарды тіл туралы заңнама талабына сәйкес қазақшаландырып, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бүгінде тобымыздың аты – "Мемлекеттік тіл - тірегім" болып өзгертілді", - дейді ол.

Қазіргі таңда Ақбота бастаған топ қоғамның əртүрлі салаларында, мекеме атауы жазылған маңдайшаларда, көше бойындағы өзге де жарнамалық тақталар, халыққа қызмет көрсету салаларындағы, емханалар мен ауруханалардағы, оқу орындарындағы жəне т.б. мекемелердегі, заңнама талаптарына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тіліндегі ақпараттық мəліметтердің міндетті түрде болуын, заң нормалары бұзылған жағдайға куә болғанда, жауапты тұлғаларды, мекеме басшылығын ақпараттандырып, қолданыстағы заңнамаға сəйкес ("Тіл" туралы заң, 21-бап) этикалық нормаларды сақтай отырып, кеңестер береді.

"Тіл туралы заңға өзгерту қажет деп ойлаймын. Бұрынғы қабылданған кездегіден қазіргі жағдай басқаша. Заман алға озды, қазақ тіліне сұраныста, қолданушылар да артып келеді. Қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері де көбейді. Бұл қуантады, әрине. Дегенмен, "әттеген-ай" әлі де кездеседі.

Әлі де көрнекі жарнама маңдайшаларында басқа тiлде жазылатын қатені көп көреміз, кейде қазақша жазса да аудармасы қате тұрады. Осы олқылықтарды реттеу үшін тіл туралы заңға көп түзетулер енгізу керек, әсіресе осы барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарда, қала көшелерінің көрнекі ақпараттары мен жарнама маңдайшаларындағы ақпараттар тек қана мемлекеттік тілде болса, бұл әрi тиімді әрі қай мемлекетте тұратындығымыздың, көрінісі болар еді.

Қазақ тілінің қолданыс аясын одан әрі кеңейтiп, мемлекеттік тілді өз деңгейінде жеткізу үшін керек", - дейді Ақбота.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929647-ana-tilimni-muddesi-qorgau-paryzym-aqtobedegi-til-zanasyry-arnaiy-top-qurdy/