RU

Алматыда қоластындағы қызметкерді ұрған полицей 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Полицей
Видеодан кадр: instagram.com/kris_p_tdk

Алматыда қоластындағы қызметкерді ұрды деп айыпталған жоғары шенді полицейге қатысты қылмыстық іс тергелуде. Егер кінәсі дәлелденсе, ол ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Астана" телеарнасы хабарлағандай, қылмыстық іс билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бабы бойынша тергелуде.

Егер Наурызбай ауданы полиция басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары кінәлі деп танылса, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін желіде полицейді ұрған видео тараған еді.

Автор кадрда Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары өз қарамағындағы қызметкерге қол көтергенін айтады.

Бұл жайтқа қатысты Алматы қаласының полиция департаменті пікір білдірді.

Құзырлы орган аталмыш видео жан-жақты тексерілетінін және бұл жайттың қандай жағдайда болғанын анықтайтынын, кінәлілерге қатысты қатаң шаралар қабылданатынын мәлім еткен болатын.

Кейін ведомствоның басшысы Қанат Таймерденов полиция департаментінде шұғыл түрде тәртіптік комиссияның отырысы өткізілгенін мәлімдеді.

Оның шешімі бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Жақыпбаев ішкі істер органдарының беделін түсіретін әрекет жасағаны және "Қазақстан Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі" нормаларын бұзғаны үшін ішкі істер органдарынан шығарылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929756-almatyda-qolastyndagy-qyzmetkerdi-urgan-policei-10-zylga-deiin-bas-bostandygynan-aiyryluy-mumkin/