RU

"Намысымызға тиді": Әскерилер Жамбылдағы жарылыс орнынан қашып кетті деген айыпқа жауап берді

Нұрбек Күшеков
Нұрбек Күшеков. Видеодан кадр: КТК арнасы

Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан жарақат алған әскерилер "ТЖ кезінде оқиға орнынан қашып кетті" деген айыпқа жауап берді деп хабарлайды КТК арнасы.

Жамбыл облысындағы әскери госпитальда қазір 19 адам ем алып жатыр. Олар жақында өңірде болған жойқын жарылыстан зардап шеккендер, көбінің құлағына зақым келген.

Солардың бірі-мотоатқыштар ротасы командирінің орынбасары Нұрболат Құрал. Ол өзге ауданнан әскери бөлімге бірнеше күн бұрын іссапармен келген.

Жарылыс ошағында қалып қойған Нұрболаттың айтуынша, дүмпуден кейін ол есеңгіреген біраз өрт сөндіруші мен әскерилерге көмек қолын созған. Бірақ кей әріптестерін ажалдан арашалап қала алмаған.

"Сөйтіп жерге жатып қарадым. Себебі, айналамның бәрі қап-қараңғы болды. Қарасам жерде былай ғана ауа тазарып келе жатты. Қарасам біреулер жатыр, біреулер есін жоғалтқан. Олар тұрып алған кетіп барады. Естерін жоғалтып қойған", - дейді Нұрболат Құрал.

Нұрболат Құрал
Нұрболат Құрал. Видеодан кадр: КТК

Оңтүстік өңірлік әскери прокуратурасының аға прокуроры Нұрбек Күшековтың де құлағына зақым келіп, омыртқасы бірнеше жерден сынған.

26 тамызда кезекшілікте болған Нұрбек Күшеков апат орнына басшыларымен бірге жеткен екен. Ол келген бойда жотаға шығып, есеп беру үшін суретке түсіре бастапты. Сол кезде жойқын жарылыс болған.

"Қатты дүмпу мені алысқа лақтырып жіберді. Алғашқыда жарақатымды сезбедім. Айналаның бәрі қара түтін, дым көрінбейді. Әрі әскерилердің көбі контузия алған. Сөйлесең ештеңе түсініп тұрған жоқ. Беті қан-жоса біреуіне жолықтым, бетіңді тұмшала десем түсінбейді", - деп сол күнді еске алды Нұрбек Күшеков.

Жарылыс бірінен кейін бірі екі мәрте тағы қайталанған. Нұрбек жарақат алған сарбазды ертіп, жолдан тағы біреуін қосып, жарыққа қарай жылжыған. Сөйтіп дуал жағалап қауіпсіз жерге шығыпты.

Әскерилер жауынгерлердің осындай ерен ерлігі жоққа шығып жатқанына қапалы. Өрт сөндірушінің әскерилер "оқиға орнынан қашып кетті" дегені намысымызға тиді дейді олар.

"Әскери қызметкерлер қашып кетті деген қауесет өтірік. Оған дәлел ретінде біздің де әскери қызметкерлердің қаза болуын айтуға болады. Үшеуі келісімшарт негізіндегі әскери қызметкер, біреуі офицер, біреуі әскериленген күзет қызметкері және тағы бір әскери жауынгер жоғалғандар тізімінде", - дейді "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ораз Күшіков.

Ораз Күшіков
Ораз Күшіков. Видеодан кадр: КТК

Ораз Күшіков апат болған уақытта әскери бөлімен 42 сарбаздың қауіпсіз жерге шығарылғанын айтады. Бұл жас жауынгерлер - Тұрар Рысқұлов ауданындағы әскери бөлімнен келгендер екен. Сол сарбаздардың жүгіріп шығуын көпшілік қате түсінген дейді ол.

Ораз Күшіковтің сөзінше, төтенше жағдайдан зардап шеккен жауынгерлер аз емес.

"31 әскери қызметкер түрлі дене жарақатын алған. 29 әлі ем алып жатыр. Оның 19 әскери госпитальда, қалғандары қалалық ауруханада емделуде", - дейді ол.

Дереккөз: КТК арнасы

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Соңғы мәліметтер бойынша апат салдарынан көз жұмғандар саны 15 адамға жетіп отыр.

Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Одан бөлек, 29 тамыз елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1930116-namysymyzga-tidi-askeriler-zambyldagy-zarylys-ornynan-qasyp-ketti-degen-aiypqa-zauap-berdi/