Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат оңтүстіктен СҚО-ға көшіп келген азаматтарға берілген үй сапасына шүйлікті (видео)

Опубликовано:

1
Видеодан кадр: Instagram/ madi_akhmet

Мәжіліс депутаты Мади Ахметов мемлекеттік бағдарлама арқылы оңтүстіктен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған азаматтарға берілетін үй сапасын сынға алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

СҚО-ға ресми сапармен барған депутат Тайынша ауданына ат басын бұрып, мемлекеттік бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерден көшіп келген азаматтарға берілген үй сапасын тексерген.

"Алдын ала дайындалған, арнайы көрсетуге әзірленген баспаналардан бөлек, көршілердің үйіне бас сұғып шықтым. Бекер бармаған екенмін. Мұндағы баспана жағдайына көңілі толмайтын азаматтар бар екен",- деп жазды Ахметов өз Instagram парақшасында.

Депутаттың сөзінше, соңғы екі жылда Тайынша ауданының әкімдігі 337 млн теңгеге 48 үй салған. Яғни, әр баспанаға мемлекет қаржысынан шамамен жеті млн теңге жұмсалған.

"Мына үйлер тек екі жыл бұрын ғана салынды деп кім айтады? Жергілікті әкімдік "үйді тапсыратын уақытта баспана сапасын арнайы құрылған комиссия тексереді" дейді. Онда аталған үйлерді қабылдау-тапсыру актісіне қалай қол қоюға болады? Барлық кемшілік көзге көрініп тұр ғой, ол үшін,тіпті, маман болудың да қажеті жоқ.

Естеріңізде болса, жақында ғана осы мәселе бойынша мемлекет басшысының ескертулерінен кейін бірнеше адам жұмыстан кетіп, жауапты шенеуніктер сөгіс алған еді. Бірақ, жүйелі өзгерістер болған жоқ.

Бірде-бір мердігер ұйым жоқ, сол үшін де үй сапасы нашар. Бұл қоныс аударушыларды қабылдап жатқан көптеген ауданның тек біреуіндегі ғана жағдай",- деді Мади Ахметов.

Мәжіліс депутаты мемлекеттік бағдарлама стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Ол оңтүстік өңірдегілердің солтүстікке көшуіндегі басты мақсаты өмір сапасын арттыру екенін де еске салды.

"Аспаннан айды сұрамаймыз. Солтүстікке көшіп келгендердің бәрінде баспана жағдайын жақсартып, бітпеген жұмысты жалғастыратын мүмкіндік жоқ",- деді ол.

Ахметов жергілікті атқарушы органға кемшіліктерді түзету үшін арнайы уақыт беріп, мәселенің шешілуін өз бақылауында ұстап отыр.

KAZ.NUR.KZ тілшісі пікір алу үшін "Nur Otan" партиясы Тайынша аудандық филиалының бірінші орынбасары Мереке Хамзинге хабарласты. Ол бүгінде ауданда тұрғындардың баспанасын жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931087-deputat-ontustikten-sqo-ga-kosip-kelgen-azamattarga-berilgen-ui-sapasyna-suilikti-video/

pixel