Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"20 млн теңге жиналды": Екі қолы жоқ Азамат Оразбек бір айдың ішінде бес бөлмелі үй алды

Опубликовано:

Азамат Оразбек жұбайымен
Азамат Оразбек жұбайымен: жеке мұрағат

Бала күнінде абайсызда тоқ соғып, екі қолынан айырылған Азамат Оразбек әлеуметтік желіде танымал. Қызылорда облысынан Алматыға көшіп келіп, отбасылы болған ол мерекелік кештерде ән айтады, екі қолы болмаса да теннис ойнап, халықаралық жарыстарға қатысады. Алайда, Азамат бірнеше жылдан бері баспана қиындығын көріп, үш баласымен пәтерден-пәтерге көшіп жүрген болатын. Жақында "Ит өмір" бағдарламасына түскен ол бір айдың ішінде үйлі болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Азамат - үш баланың әкесі. Алматыға келгелі бері анасы, жұбайы және үш баласымен пәтер жағалап жүрген. Баспана қиындығын көріп, қақпаған есігі қалмайды. Алайда, екі қолының жоқтығына қарамастан, отбасын асырап, спортпен шұғылданып, үш баласына асқар тау әке болып отырған Азаматқа көмек қолын көп ешкім соза қоймаған.

Осыдан бір ай бұрын Азамат Оразбек "Ит өмір" бағдарламасына түсіп, басындағы ауыртпалықты бөліскен болатын. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың жобасынан соң Азаматқа халық жәрдем беріп, күні кеше бес бөлмелі үйдің кілті табысталды.

"Халықтан 20 миллион теңгеге жуық ақша жиналды. "Ит өмірді" көрген соң, Азаматтың өміріне бей-жай қарай алмайтын халық көмегін аямады. "Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос" деген ғой хәкім Абай. Бір қазағымыз баспаналы болды деп қуанып жатырмыз.

Абайсызда жазым болғанына қарамастан, өмірге деген жігері мұқалмаған, адал жар, асқар тау әке, адал ұл атанған Азамат қандай құрметке де лайық. Ал жанұясына расында баспана керек еді. Көптің көмегі зор болды. Азаматқа Қаскелең қаласынан бес бөлмелі, аумағы 140 шаршы метр үй алып бердік. Өзі де, балалары да бақытты", - дейді журналист Нұрсейіт Жылқышыбай.

Ал Азамат болса, баспаналы болуына көмектескен барша халыққа шексіз алғысын білдіруде.

"Қазағыма рахмет! Дәл осылай ақша жиналып, бас-аяғы бір ай ішінде үйлі боламыз деп ойлаған жоқпын. Бұған дейін қанша жерден көмек сұрадым. "Ит өмірді" көріп, бір айда менің баспаналы болуыма септігін тигізген барша ағайынға алғысым шексіз. Жақсылықтарың Алладан қайтсын!", - дейді Азамат Оразбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1931137-20-million-zinaldy-eki-qoly-zoq-azamat-orazbek-bir-aidyn-isinde-bes-bolmeli-ui-aldy/

pixel