Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал тұлғаның портретін 40 минутта адамның шашына ойып салатын алматылық шаштараз кім

Опубликовано:

Меруерт
Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан

Барбер маманы Меруерт Дәулетова танымал тұлғалардың портретін адамның шүйде шашына ойып салу арқылы көпті таңғалдырып жүр. Ерекше туындыларымен ел назарына іліккен шаштараз KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, бұл өнерге қалай қадам басқаны жайлы айтып берді.

Меруерт танымал тұлғалардың бейнесін келтіріп шаш қиюды 2018 жылы бастағанын айтады. Бірақ ол кезде ел назарына іліге қоймаған. Шебер бойжеткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өлең оқып, ақын бейнесін келтіріп шаш қиған видеосы арқылы көпке таныла бастады.

Айта кетейік, Меруерттің туындылары қатарында Абайдан өзге Әлихан Бөкейханов, Роза Бағланова, Димаш Құдайбергенов, Максим Ержан сынды танымал тұлғалармен бірге тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің портретін көруге болады.

Меруерт
Әлихан Бөкейханов портреті. Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан

Меруерттің айтуынша, шаштараздық істі 4 жыл оқып, одан соң білімін Мәскеуде жетілдірген. Барбер маманы желкеге портрет салудың қиындығы мен қызығы жайлы сөз қозғады.

"Мен алдыма шаш қидыруға келген адамдардың қалауын тыңдаймын, сосын өзім де бастама көтеріп, идеямды ұсынамын. Негізі өз басым елімізге еңбегі сіңген, ұлтына жаны ашып, ел қамын ойлайтын танымал тұлғалардың портретін салғанды ұнатамын. Мысалы соңғы жұмысым - Әлихан Бөкейханов өз бастамам. Біріншіден, бұл Алашорда қайраткерлеріне деген құрметім. Портретті салуға телевидениеге сұхбат беруім түрткі болды. Журналистерге менің жұмыс процесім, портретті қалай салатыным керек болды. Портретті түсірілім барысында 40 минутта салдым", - дейді Меруерт.

Стилисттің сөзінше, бір туындыға жұмыстың күрделілігіне қарай орта есеппен 40-50 минут жұмсалады.

"Негізі шабытыма байланысты. Бірақ шашқа сурет салу қағазға салудан әлдеқайда қиын екенін білесіз. Бір жерін дұрыс бейнелемесең, шашты қайта қалпына келтіре алмайсың. Сондықтан менің жұмысыма қырағылық пен ептілік қажет", - дейді барбер маманы.

Меруерт Қапшағай қаласында туып-өсіп, қазір Алматыда еңбек етуде. Бүгінде ол тек Қазақстан емес ТМД елдері бойынша осындай шаш үлгісін қоя алатын жалғыз барбер маман. Меруерт өзіне шетелдік атақты стилистер мен барберлерден түрлі ұсыныс түсіп жатқанын жасырмады.

"Жақында Калифорниядағы Сан-диегодан әлемдік үздік шеберлер менімен бірігіп жұмыс істегісі келетінін жазды. Білуімше, әлем бойынша адамның желке шашына мен сияқты сурет сала алатын 4-5 адам бар. Сондықтан алдағы уақытта тәжірибем мен білімімді өзгелерге үйреткім келеді. Алдымен Қазақстанды аралап шеберлік сағаттарын өткіземін деп жоспарлап отырмын", - дейді ол.

Меруерттің сөзінше, сурет, кескіндеме өнеріне икемдік ата-анасынан берілген болуы мүмкін.

"Өз атам мүсінші болған, нағашы ағам - суретші. Өзім сурет салғанда бала күнімнен ұнатамын. Сондықтан мен бұл салаға аяқасты келген жоқпын", - дейді барбер маманы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932140-tanymal-tulganyn-portretin-40-minutta-adamnyn-suide-sasyna-oiyp-salyp-beretin-almatylyq-sastaraz-onerinin-syryn-asty/

pixel