RU

Жамбыл облысындағы жарылыс: Ауруханадан шыққан өрт сөндіруші қорқынышты күнді еске алды

1
Дидар Өмірзақов. Видеодан кадр: "Алматы" телеарнасы

Жамбылдағы жойқын жарылыс 17 адамның өмірін жалмады. Тағы бір із-түзсіз жоғалған өрт сөндіруші әлі күнге дейін табылмай жатыр. Қаза болғандар негізінен алғашқы дүмпулер кезінде жалынмен арпалысқан қызметкерлер болатын. Солардың арасында аман қалған Дидар Өмірзақов ауруханадан үйіне оралды деп хабарлайды Алматы арнасы.

Дидар Өмірзақов 26 тамызды күрсіне еске алады. Себебі жанындағы әріптестерінің біразы сол күнгі оқиғадан соң қайтыс болған.

Дидардың айтуынша, сол күні шақырту түскен соң 3 өрт сөндіру көлігі оқиға орнына барған. Бірақ көмек көрсетуге жеткен қызметкерлер жағдайдың бұлай өрбитінін ойламаған.

"Біз жаңағы жанып жатқан қоймадан шамамен 20-30 метр жерде тұрдық. Біз Микропуло деген подполковниктен тапсырма алып, енді дайындалып жатқанда жарылыс болып кетті. Содан жан-жаққа бізді лақтырып жіберді. Жан-жағымыздың барлығы қараңғы, шаң, ар жақ жанып жатыр. Басымыздағы каска болатын ол да жоқ. Одан соң мен жанымдағы жолдасым Жәнібек Тұрманов деген жігітті іздей бастадым.

Бір-бірімізді тауып алдық та, мына жерден шығайық деп шамалы жүрдік. Сөйткен кезде тағы бір жарылыс болды. Бізді тағы лақтырып жіберді. Қоймалардан шықсақ үлкен окоп бар екен. Сол окопқа бардық", – дейді қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Дидар Өмірзақов.

Дидардың жарылыстың қос құлағы зақымданып, басы жарылған, денесінің 20 пайызын күйік шалған.

Ал әріптесі Жәнібек Тұрманов жақында қайтыс болды. Ол бұған дейін Нұр-Сұлтандағы травматология және ортепедия ғылыми-зерттеу институтының ауруханасында ем алып жатқан еді.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Одан бөлек, 29 тамыз елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932163-zambyl-oblysyndagy-zarylys-auruxanadan-syqqan-ort-sondirusi-qorqynysty-kundi-eske-aldy/