Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әккі хайуан мені алыстан сезген": Жеті қасқырмен бетпе-бет келген әжей қалай аман қалғанын айтты

Опубликовано:

қасеке11
Көрнекі фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақсуат ауылында жеті қасқырмен бет-бет келіп, ажал аранынан аман қалған Қанипа Жылысова жайлы талай аңыз айтылып жүр. Біреулер бұған сенбей "мүмкін емес" деп басын шайқаса, басқалалары әсерлі болсын деп үсті-үстіне әсіреліп айтып жүр. Соның ақ-қарасын білу үшін сексеннің сеңгірінен асқан әжемен Қазақпарат тілшісі әңгімелесіп қайтқан.

Қанипа Жылысова бұл оқиға осыдан ондаған жылдар бұрын болғанын айтады.

Сол күнді еске алған әжейдің сөзінше, жұбайына Алғабас ауылына барып, азық-түлік әкелуін сұраған екен. Дегенмен отағасы шаруаларының көп екенін айтып, өзіне баруың қолқа салған.

"Сөйтіп, құла биені шанаға жектірдім де жолға шықтым. Адам мінездес жануар бірдеңені сезсе керек, жүргісі келмей, қамыс құлақтарын тікірейтіп, тұрып қалды. "Ауырып тұр ма өзі?" деп ойладым. Құла биемен қалың қарды омбылап отырып зират тұсына жеттім. Қолыма не қамшы, не шыбық та алмаппын. Құла бие кенет жүрісін баяулатты. Сәлден соң желе жөнелгенімен, зират тұсынан түсіп, ойға жете бергенде жүрісін тағы ақырындатты. Енді қайтпек керек?

Үстімдегі тонды шешіп астыма басып, аттың сауырыннан соқтым. Бір қауіптің барын сезген жануар шарасыз күйге түскендей, тым зорға жүріп келеді. Бар ойым ауылға аман-есен жетіп, азық-түлікті түгендеу. Сәлден соң қарсы алдымда 100 метрдей жерде қасқырды көрдім.

Тура бір арыстан сияқты. Түз тағысы әу баста зиратқа таяған тұста арық жиегінде тұрғанда-ақ көзіме шалынып қалған. Сол кезде бейсауат жүрген жылқы деп ойладым. Әккі хайуан мені алыстан сезіп, зиратты айналып келіп алдымнан шықты", - дейді Қанипа Жылысова.

Әжей сол кезде бірінші кезекте жақын маңдағы фермаға жетіп, аман қалуды ойлаған.

"Құла бие қамшы салдырмай құйғытты. Жақын тұстағы қыстауды бетке алдым. Кенет бие қалың қарға күмп етіп кірді де кетті. Абырой болғанда, мөңки-мөңки омбылап шыққан құла бие фермаға қарай тартып отырды. Қыстауға таяй бере ескі қызыл үйдің жанындағы арыққа келіп тоқтағанымда қарсы алдымда қасқайып тұрған сол қасқырды қайта көрдім. Бұл жолы бір емес, жеті қасқыр!

Зәрем ұшып, Алғабасқа апаратын қасқа жолға шықтым. Шапқаннан шауып отырып Серпек деген танысымның үйіне жеттім. Серпек қолына қаруын алып, ара-тұра аңға шығып жүретін-ді. Дәл сол күні Ақсуатқа кете қалыпты. Ал ауыл шетінде азу тісін ақситып әлгі жеті қасқыр қарап тұрды.

Үлкен қызым Раушан Алғабас ауылында тұратын. Жағдайды бір бағамдап, қызымның үйіне келдім. Құла биені суытайын деп ер-тоқымды алып қарасам жыртқыштан қашып жанталасқан жануардан тер парлап ағып тұр. Үйдегілерге айтып биенің арқасына тон жаптырдым да үйге кірдім. Ал бағанағы жеті қасқыр сол күні-ақ ауылдағы көк байталды жарып кетті. Осы жайттан кейін ел ішінде небір әңгімелер желдей есіп, мен жайлы күршімдіктер жиі айтып жүрді", - дейді Қанипа Жылысова.

Әжейдің айтуынша, қасқырға қатысты талай оқиға басынан өткен, алайда бір емес, жеті қасқырдың аранынан аман құтылған сол бір күн кеше болғандай көз алдымда дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932711-akki-xaiuan-meni-alystan-sezgen-sqo-da-zeti-qasqyrmen-bet-bet-kelip-aman-qalgan-azei-zaily-ne-bilemiz/

pixel