jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Саумал коронавирустың алдын ала ма: Дәрігер жауабы

Саумал
Кадр: "Хабар 24"

Саумал мен қымызды бүгінде коронавирустың алдын алу мақсатында ішіп жүргендер көп. Осы орайда отандық дәрігер "саумал расымен коронавирусты емдей ме" деген сұраққа жауап берді деп хабарлайды "Хабар 24".

Түркістан облысы Қоғалы ауылдық округіне қарасты Диханкөл елдімекеніне саумал іздеп келетіндер көп. Бірі буын мен асқазан ауруына шипа іздесе, енді бірі иммунитетті көтереміз деп алыстан арнайы келеді.

"Коронавирус дегенге байланысты барлық жерде қазір саумалды ішіңдер деп жатыр ғой. Қыздар барып, қолмен сауып әкеледі. Апаларының барлығына бір-бір кесе құйып береді. Ол дегенің таза ем ғой. Ол ағзаны тазартады. Өзімізді жақсы сезініп отырмыз, көңіл-күйімізді де көтереді", - дейді Түркістан облысының тұрғыны Лесгүл Ермаханбетова.

Диханкөл елдімекенінде 300 ден астам үй, 2 мыңға жуық халық бар. Мұндағы әр төртінші үй қымыз дайындауды кәсіп етіп алған. Нәтижесінде тәулігіне 3 мың литр бие сүтін саудалап, табыс көлемін еселеп отыр.

"Мұндай үлкен көлемде қымыз өндірісімен айналысып жатқан елімізде ауылдар кемде-кем шығар. Өйткені ауылымыздың 80%-ы осы қымыз өндірісімен айналысады десем, қателеспеймін. Халықтың барлығы осындай табиғи өнімдермен емделуге, осындай табиғи дүниемен сауығуға ыңғайланып жатыр. Ауылдың кәсіп жасаймын деген азаматтары дәл осындай үй іргесінен саумалмен сауықтыру орталықтарын ашып жатыр", - дейді Төле Би ауданының қоғалы ауылдық округінің әкімі Қайрат Қыпшақов.

Медицина мамандары саумал мен қымыздың адам ағзасына пайдалы екендігін мойындап отыр. Құрамында дәрумендер мен минералдар көп-дейді ақ халаттылар. Биологиялық белсенді қоспалары ағзаға тез сіңіп, түрлі аурудың алдын алады. Бірақ дәрігерлер саумалды негізгі ем ретінде қолдану қате түсінік екендігін айтады.

"Негізгі ем ретінде қолдана алмаймыз. Себебі ауру асқынып тұрған кезде медициналық мекемеге жүгіну керек болады. Ол қалпына келу үшін, әрі қарай имунитетті нығайту үшін, күш-қуат алу үшін таптырмас сусын болады", - дейді дәрігер-кардиолог Жанар Қантаева.

Жергілікті тұрғындар ұлттық сусынның артықшылығын жылқының тау етегіндегі емдік шөпке жайылуымен байланыстырады. Қазір Қоғалы ауылдық округінде осындай төрт саумал - сауықтыру орны бар.

Саумал коронавирустың алдын ала ма: Дәрігер жауабы

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.