Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Лос-Анджелесте тұратын қазақ жігіті әйгілі рэпер Канье Уэсттің командасына жұмысқа қалай келді

Опубликовано:

Марат Шаяхметов
Фото: Facebook/Айдар Махметов

АҚШ-қа біржола кетіп, жетістікке жеткен қазақстандықтар көп емес. Солардың бірі - Марат Шаяхметов. Ол әлемдік брендтердің жарнамасын түсіру арқылы көпке танылды. Соңғы екі жылда Марат аты әлемге жайылған рэпер Канье Уэстпен жұмыс істеуде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мараттың АҚШ-та жүріп табысты кәсіпкерге айналғаны туралы қазақстандық спортшы, жекпе-жектің бірнеше түрінен әлем чемпионы Айдар Махметов жазды. Ол бәсекесі мықты Америкада қазақ жігітінің табысқа кенелуін мақтанарлық жайт деп санайды.

"Канье Уэстпен жұмыс істейтін қазақ. Өткенде Лос-Анджелесте Марат Шаяхметовпен таныстым. Шынымды айтсам, бұрын ол туралы ештеңе естімеппін. Марат АҚШ-та 10 жылдан бері тұрып жатыр. Оған дейін ол қазақстандық университетте экономика саласында білім алған. Бірақ өзіне ұнамағандықтан АҚШ-қа кетуге бел буған. Бұл жақта оған маркетингті қайта оқуға тура келген. Өйткені бұрынғы алған білімі мұнда мойындалмаса керек. Өзінің айтуынша, оған бұл жағдай көп нәрсеге басқа көзбен қарауға көмектескен.

Оқу барысында Марат бір гонконгтық маркетинг фирмасынан түскен аздаған тапсырыстарды орындап жүрген. Бұл жұмысы аз төлесе де, оның басқа компаниялардың көзіне ілігуіне септігі тиген. Марат негізінен креативті қысқа ролик түсірумен айналысады. Көп ұзамай оның жұмыстарын Nike сынды алпауыт компания байқап қалып, ынтымақтастық ұсынған. Бейнебаян түсірумен қатар ол маркетинг бойынша ақылы кеңес бере бастаған", - дейді ол Марат Шаяхметовтың АҚШ-тағы алғашқы қадамы туралы.

Марат Шаяхметов соңғы екі жыл бойы Канье Уэсттің командасында. Ол музыканттың ұсынысын бірден қабылдай салмаған. Себебі Канье Nike-тың бәсекелесімен ынтымақтастықта болған.

Айдар Махметов Марат Шаяхметовтың өте қарапайым жігіт екенін, өзіне елдің назары ауғанын қаламайтын жан екенін атап өтті.

"Жақында Марат джиу-джитсумен айналыса бастады. Бізбен бірге алғашқы жаттығуын өткізді, оған ұнады. Ол өте қарапайым, ол туралы өте аз білетініміз содан болар", -дейді Айдар Махметов отандасы туралы.

Спортшы шетелде қазақтардың жетістікке жеткенін көрсе, кеудесін мақтаныш кернейтінін айтады.

"АҚШ-та жетістікке жету қиын. Бұл әлемде бәсекесі ең мықты нарық. Көтерілемін десең, ешбір аға-көкелердің керегі жоқ. Тек өз білімің мен қабілетің алып шығады. Бәрібір де қазақтар - өте талантты халық. Таланттарды отанымызда шетелдегідей мойындамайтыны өкінішті", - дейді ол.

Айта кетейік, Марат жұбайы Айшамен 2008 жылы Лос-Анджелеске көшіп барған. Фотоға түсірумен кәсіби түрде 22 жасынан айналысқан. Оған кәсіп бастауға Америкадағы өмірі туралы блог жүргізіп, достары мен таныстарына тегін бейнеролик жасап беруі түрткі болған.

Араға бірнеше жыл салып, жұбайлар АҚШ-та жеке креативті агенттік ашып, әлемдік ірі Nike, Mercedes-Benz, Maybach, MTV брендтерімен жұмыс істеген. Сондай-ақ олардың қызметін тұтынушылар қатарында танымал спортшылар Серена Уильямс, Коби Брайант, Леброн Джеймс және музыканттар Вig Sean, Pusha T, Крис Браун бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934232-los-andzeleste-turatyn-qazaq-zigiti-aigili-reper-kane-uesttin-komandasyna-zumysqa-qalai-keldi/

pixel