RU

Түркістан облысындағы сауықтыру туризмі: нені білу қажет

Түркістан
Фото: https://altynbulak.com/

Түркістан облысы тек тарихи көрікті жерлермен, бірегей сәулетімен және табиғи ландшафттарымен ғана әйгілі емес. Ол, сондай-ақ республикамыздың сауықтыру туризмі дамыған аймақтардың бірі. Адамдар мұнда Қазақстанның әр түкпірінен бөлек, көрші республикалардан да демалуға және денсаулығын жақсартуға келіп жатады. Облыстың емдік-сауықтыру мекемелері туристерге қандай қызметтер ұсынатынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Жыл сайын Түркістан облысының сауықтыру шипажайлары мен диспансерлеріне 50 мыңнан астам турист ағылады. Жалпы алғанда, аймақта демалушыларға диагностикалық медициналық қызметтердің кең спектрін, нәтижелі емделуді және толық тыныштық пен тепе-теңдік жағдайындағы жанға жайлы демалысты ұсынатын 60-тан астам мекеме бар. Олардың көпшілігі Сарыағаш өңірінде, тағы бірнеше шипажай Жетісай, Сайрам аудандарында және Арыс қаласында орналасқан.

«Өңірде сауықтыру туризмі өткен ғасырдың 50-жылдарында дами бастады. Бұған себеп - климаттың жылы болуы, таза ауа, қатты желдің болмауы, күн көзінің молшылығы, минералды су, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштары бар саябақтардың болуы. Мәселен, температурасы 49-52 градус Цельсийге жететін және ем үшін қолданылатын минералды судың құрамында кремний қышқылы, радиоактивті элементтер, азот, бикарбонат, натрий, калий, кальций, магний, алюминий, мыс, марганец, молибден мен микроэлементтер бар», - дейді "Turkistan Tourism Center" туристік ақпарат орталығында.

Түркістан облысының шипажайларында демалу кімге пайдалы болмақ

Түркістан облысының шипажайларында ас қорыту жүйесі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол және аяқ, тері аурулары бар науқастар, сондай-ақ гипертониямен ауыратын адамдар денсаулығын жақсарта алады. Гипертонияның шаршаңқылық пен ұйқысыздықтан өзге ауыр симптомдары болмағанымен, бұл дерт жүрек ауруларының және әсіресе инсульттің негізгі себебі болып табылатындығымен ерекше қауіпті. Десе де дертті бақылауда ұстауға болады. Қан қысымын қалыпқа келтіру үшін кей науқастар арнайы дәрі-дәрмектерді қолдануы керек. Ал енді бірі үшін өмір салтын өзгерту және гипертонияның дамуын қоздыратын факторларды болдырмау да жеткілікті. Нақтырақ айтсақ, темекі шегуді тастау, дұрыс тамақтануға көшу, спортпен айналысу, алкогольді шектен тыс тұтынбау.

«Алайда шипажайлық-курорттық демалыстың көмегімен гипертонияны емдеудің профилактикалық курсын өту бәріне де пайдалы болмақ. Шипажайлар гипеортониямен ауыратын науқастарды сауатты және нәтижелі оңалтуды жүзеге асырады, ол үшін мамандар табиғи емдік факторлардың қуатты арсеналын және курорттық сауықтырудың заманауи әдістерін қолданады», - дейді "Turkistan Tourism Center" орталығында.
Минералды ванна
Фото: https://altynbulak.com/

Жолдама құнына қандай қызметтер кіреді

Шипажайларға өз бетіңізше де, дәрігердің нұсқауы бойынша да баруға болады. Дәрігердің нұсқауымен келген демалушылар шипажайларда ем қабылдайды, ал өз бетімен келгендерге профилактикалық емдік-сауықтыру қызметтері ұсынылады. Жолдама құны әр түрлі жайттарға байланысты әрқалай белгіленеді: шипажайдың түрі, шипажайда болу ұзақтығы, таңдалған емдеу бағдарламасы, демалысты барынша ыңғайлы ететін арнайы жағдайлардың жасалуы. Барлық шипажайларда «люкс», «жартылай люкс» және «стандарт» санатындағы бөлмелер бар, тіпті кей шипажайлар «супер люкс» санатын ұсынып жатады, бағасы тәулігіне 6 мыңнан 100 мың теңгеге дейін жетеді. Әр бөлмеде демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, бөлмелерде теледидар, тоңазытқыш, кондиционер, телефон, сейф, Wi -Fi, фен бар.

Жолдама құнына минералды ванна, ингаляция, электрофорез, дарсонваль, магниттік терапия, УДЗ, рефтон, электрмен емдеу, амплипульс, асқазанды шаю, дуаденальді зондтау, жоғары және дөңгелек душ, соқыр зондтау (тюбаж), ішекті суару, емдік микроклизмалар, парафинмен немесе озокеритпен емдеу, тар шеңберлі мамандардың кеңесі, ултракүлгінмен сәулелену және т.б. кіреді. Сонымен қатар, демалушылар UHF (аса жоғары жиілікті терапия) - аса жоғары жиілікті электромагниттік өрістерді қолдана отырып физиотерапиялық емдеу әдісіне жүгіне алады.

Сондай-ақ емдік-сауықтыру бағытындағы дене шынықтыру, жаттығу залы, балаларға арналған ойын-сауық бөлмесі, бассейн, фито-бар, оттегі коктейлі, терренкур қарастырылған. Келушілерге сауна, тұз шахтасы және намазхана да ұсынылады.

Қажет болған жағдайда, сіз қосымша ақылы зерттеулерден өтіп, ақылы процедураларды ала аласыз. Мәселен, олардың қатарына су асты гидромассажы, балқарағай бөшкесі, гидроколонотерапия, тар шеңберлі мамандар тағайындаған жеке ем, массаждың барлық түрлері, түрік хамамы, фин саунасы жатады.

Тамақтануға келетін болсақ, шипажайлар күніне төрт рет тағаммен қамтамасыз етеді, науқастың диагнозын ескере отырып, терапевт-дәрігерлер ұсынған арнайы мәзірмен тамақ әзірлеу қызметі де іске қосылған. Тағам таза ауыз судан әзірленеді.

Осылайша, Түркістан облысындағы сауықтыру туризмі толыққанды демалып, денсаулықты жақсарту бойынша барлық талаптарға сай келетінін атап өтуге болады. Өңірдегі шипажайларға жүйелі түрде бару табиғи кешеннің әр түрлі компоненттерін (ландшафт, жайлы климат, салауатты режим, ортаны алмастыру және т.б.) қолдана отырып, демалу, сауығу және емделу қажеттілігін толықтай қанағаттандырады және өмір сүру сапасын едәуір жақсартады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934340-turkistan-oblysyndagy-sauyqtyru-turizmi-neni-bilu-qazet/