Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәлізді кабинетке айналдырған": Алматы облысында ата-аналар балаларын мектепке жіберуден бас тартты

Опубликовано:

білім ордасы
Фото: Азаттық рухы

Алматы облысында оқушылар апатты жағдайдағы мектепте оқып жатыр. Кеңес заманынан бері тұрған білім ордасының төбесі құлап кете бергендіктен, мұғалімдер әр сыныпқа бірнеше тіреуіш діңгек орнатып қойған деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарасай ауданына қарасты Долан ауылындағы ата-аналар мектепті жабуды талап етті.

Мектептің салынғанына 73 жыл болған. Небәрі 70 балаға арналған ғимаратта қазір 250-ден астам оқушы білім алып жатыр. Асхана, кітапхана мен спортзалдан жұрдай білім ордасының қабырғалары қақырап, төбелері майысып кеткен.

"Жаңа мектеп салынсын" деп ұрандатқан ата-аналар балаларының сабақтан аман қайтуын тілеп отыратын жағдайға жеткен. Ауылдағы жалғыз әрі апатты жағдайдағы мектептің мәселесі биыл да шешілмеген. Алғашқыда небәрі оншақты кабинет қылып салынған ғимарат балалар үшін нағыз қауіпті нысанға айналыпты.

"Үстінің бәрін, шпалды сыммен байлаған. Ішінде дәретханасы да жоқ. Асхана мүлде болмаған. Асхана болмаған соң оқушылар мына жерден кирешки, чипсы жейді.  Біз балаларымыздың өмірін қатерге тігіп тұрмыз", - деді Долан ауылының тұрғыны Жазира Жомарт.

білім ордасы
Фото: Азаттық рухы

Оқу ордасында қазір 250 астам бастауыш оқушылары білім алады. Оқушыларға сабақ үш ауысыммен қуықтай бөлмелерде өтеді. Ал дәлізде тұрған үстелдер мұғалімдердің бөлмесі саналады. Яғни, ұстаздар осы кіреберісте отырып сынып журналын толтырады, сабаққа дайындалады. Дәретхана аулада, ол да ескірген. Жарық жиі өшетіндіктен, үшінші ауысымдағы балалар қараңғы дәретханаға барады.

"Соңғы екі жылдан бері апатты болып танылды. Кешеден бастап баламды мектепке жіберген жоқпын. Бізге жаңа мектеп салып берсін. Әкімге қанша рет барып шаршадық. Бізге бос уәденің керегі жоқ»" - дейді доландық Амангүл Егеубекова.

"Жоғарыдағы бастықтар мына халықтың балаларын неге елемейсіңдер? Немерелерің, шөберелерің ғой. Келешек қанатымыз, қуатымыз ғой. Уәде қайда? Балалар қиналып кетті", деп ашуланды Долан ауылының тұғыны Аманбек Үсенбаев.

Нақты талап қойып, оқу ғимараты алдына жиналған ата-аналарды көрген мектеп директоры тәртіп сақшыларын шақырды. Ол "мектеп бүгін-ертең құлайды" деген пікірмен келіспейді.

"Соңғы рет жөндеу 2008 жылы жасалды. Мектептің төбесі құлайды деген - өтірік әңгіме. Құламайды. Күнделікті сабақ өз уақытында басталып, өз уақытында аяқталады. Асхана жоқ, буфет жоқ, кітапхана жоқ", - деді Долан ауылдық бастауыш мектебінің директоры Гүлнәр Раисова.

Фото
Фото: Азаттық рухы

Бастауыш сыныптарға арналған мектепте 27 мұғалім жұмыс істейді. 4-сыныпты бітірген соң балалар көрші ауылдарға қатынап оқиды. Билік өкілдерінің айтуынша, жаңа мектеп тек екі жылдан соң салынады. Ол үшін 2,5 гектар жер сатып алынған. Бірақ құрылысты бастауға әлі қаражат жоқ.

"Қаражат қазір бөлінген жағдайда - ашық конкурс жүргізілсе де, ол жылдың аяғына дейін бітпейді. 2022 жылы құрылысы басталады, 2023 жылы аяқталады. Құрылысшы ретінде айтар болсам, бұл  ғимарат желтоқсан айына дейін құламайды", - деді Қарасай аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы Жарас Қатубаев.

Тұрғындар жаңа мектеп салынбайынша, тынышталмайтынын айтып отыр. Ауылдағы бала саны да тез өсіп келеді келеді. Жергілікті шенділердің уәдесіне "тойған" ауыл жұрты енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазбақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934726-dalizdi-kabinetke-ainaldyrgan-almaty-oblysynda-ata-analar-balalaryn-mektepke-ziberuden-bas-tartty/

pixel