RU

Аяжан Еділованың өліміне қатысты тергеу аяқталды

Фото
Фото: Аяжан Еділованың әлеуметтік желісіндегі парақшасы

Қатыгездікпен өлтірілген Аяжан Еділованың ісіне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы зардап шегуші тараптың адвокаты Қадыржан Ғалымжанұлы айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Адвокаттың айтуынша, қазір іс материалдарымен танысу кезеңі жүріп жатыр. Іс сотқа қазан айында жолданады. 

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 120 бабы ("Зорлау") және 99 бабы ("Өзге қылмысты жасыру мақсатында адам өлтіру") бойынша айып тағылып отыр.

Істі Алматы қаласының мамандандырылған соты тергеген. 

Еске сала кетсек, 19 жастағы Аяжан Еділова 19 наурызда Алматыда жоғалып кеткен еді. Оны іздестіру жұмыстары бірнеше күнге созылды.

Кейінірек, қалалық полиция департаменті бойжеткеннің өлі күйінде табылғанын хабарлады.

Оны өлтірді деген күдікпен 1993 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны ұсталды.

Сондай-ақ, құзырлы орган қыздың денесі бөлшектеліп, қоқыс бактарына жасырылғанын мәлім етті.

Одан бөлек, полиция тұтқындау кезінде күдіктінің өз-өзін өлтірмек болғанын айтты. Дәрігерлер оны құтқарып қалған.

Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылдан 20 жылға дейін сотталуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934851-ayazan-edilovanyn-olimine-qatysty-tergeu-ayaqtaldy/