“Коронавирустан қауіпті ме”: Жапонияда жаңа вирус табылды
Жарияланған күні:
Жапонияда денені қалтырататын белгісіз вирус табылды. Йезо вирусы деп аталған жаңа патоген кенеден жұғады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы Nature Communications журналында жарияланды деп жазды РИА Новости.
2014 жылдан 2020 жылға дейін қандағы тромбоциттер мен лейкоциттер санын азайтып, денені қалтырататын белгісіз инфекцияны жеті науқас жұқтырған. Олардың арасында қаза тапқандар жоқ.
Хоккайдо университетінің зерттеушілері Жапонияның басқа университеттері мен медициналық мекемелерінің ғалымдарымен бірлесіп Хоккайдо аралындағы екі науқастың (2019 және 2020 жылдары жұқтырған) қан үлгілерінен бөлінген вирустың генетикалық талдауын жүргізді. Ғалымдар бұл Orthonairovirus тобына кіретін, сондай-ақ Конго-Қырым қанды безгегі вирусына жататын жаңа, бұрын белгісіз болған қоздырғыш екенін анықтады.
Мамандар оны Хоккайдо аралының ежелгі тарихи атауымен байланыстырып Йезо (YEZV) деп атады.
2019 жылы орманда кене шағып алған 41 жастағы ер адам Хоккайдо аралындағы ауруханаға жеткізілді. Жарты айдан кейін ол үйіне шығарылды. Тест науқастың белгісіз вирусты жұқтырғанын көрсетті. Келесі жылы дәл сондай симптомдармен тағы бір науқас түсті.
Содан кейін ғалымдар 2014 жылдан бері кене шаққан пациенттерден алынған қан үлгілерін қайта тексеріп шығып, тағы бес науқастан аталған вирусқа ұқсас инфекцияны тапты. Барлығының денесі қалтырап, қандағы тромбоциттер мен лейкоциттер саны азайып, бауыр қызметі бұзылған.
Зерттеушілер осы аймақтағы жабайы жануарлардан 2010-2020 жылдар аралығында жиналған үлгілерді скринингтен өткізіп, Хиккайдо аралындағы теңбіл бұғылар мен жанаттардан жаңа вирустың антиденелерін анықтады.
"Йезо вирусы Хоккайдода тараған сияқты, ол жануарлардан кене арқылы адамға жұққанда ауру туғызады, – деді зерттеу жетекшісі, вирусолог Кейта Мацуно (Keita Matsuno). – Біз білетін жағдайлардың ешқайсысы өлім-жітімге әкелген жоқ, бірақ бұл Хоккайдодан басқа жерлерде де табылған болуы мүмкін, сондықтан біз оның таралу аймағын тез арада зерттеуіміз керек".
Келесі кезеңде ғалымдар бүкіл елде жабайы жануарлар мен адамдар арасында жаңа вирустың таралған-таралмағанын анықтауды жоспарлап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935575-zaponiyada-zana-virus-tabyldy/