Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жолды жауып, пойызды тоқтатамыз": Жамбылда ауыл тұрғындары шенеуніктерге шарт қойды

Опубликовано:

жұрт
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Жамбыл облысындағы Ақшолақ ауылының тұрғындары шенеуніктер көгілдір отын кіргізіп бермесе, күре жол мен темір жолды жауып тастаймыз дейді. Ашулы жұрт бұл қадамға амалсыз барғанын айтады деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, билік өкілдері биыл елдімекенге газ тартылады деп сендіріп, енді сөзінен тайқып кеткен. Ашулы бұқара уәде орындалмаса, көресіні көрсетеміз деп наразы.

Бес баланың анасы Зағира Кәрібаева әкімдікке алдандым дейді. Оның сөзінше, шенеуніктер осы жылы ауылға газ тартылады деп айтқан екен. Соған имандай сенген 40 жастағы әйел 330 мың теңгесін төлеп, көшеден үйге дейін газ құбырын жүргізіп алған. Бірақ әлі күнге дейін көгілдір отын қосылмаған.

Бар ақшасын жаратып қойған көпбалалы ананың көмір алуға да шамасы жоқ. Енді өзі амалсыз, әдеттегідей, ағашпен үйін жылытуға мәжбүр. 

"Газ кіреді деп сеніп қалып, көмір алмадық. Өзім жас босанып отырмын. Үй тастай суық. Плиткаларды тоққа сұғып отырмыз. Ағаш та жағып отырмыз", - деді келіншек.

Ақшолақ ауылында жалпы саны 150 түтін бар. 117 үйге газ құбырын кіргізіп алған. Тіпті кейбірі көгілдір отын болады деген үмітпен ағаш және көмірмен жанатын пешті шығарып тастап, газбен жанатын қазандық орнатып алған. Ауыл қазір газсыз. Тұрғындар қыстың күні баспанасын немен жылытарын білмей дал.

"Газ да жоқ, екеуі де жоқ. не істерімді білмеймін, 10-желтоқсанға дейін кіргізіп береміз деп айтқан. Кірсе кіргізіп берді, болмаса ауылдың бәрі жолды жауып, пойызды тоқтатамыз. Басқа амал қалған жоқ", - деді тұрғын Мырзахан Сапарбаев.

Ауыл халқының 90 пайызы мердігермен келісіп ақысын төлеп, ішкі желіні жүргізіп алған. Бірақ сонда да мәселе шешілмей тұр. Бұқара тиісті орынның бәріне арыз жазыпты. Алайда әзірге еш нәтиже жоқ. 

"2020 жылы кіріп қалуы мүмкін еді, одан кейін 2021 жылдың аяғына дейін түгел аяқтаймыз дейді. Енді келіп ақша бөлінбейтін болды дейді. Халық сеніп отыр ғой", - деді тұрғын Қайрат Мәдиев.

Белгілі болғаны, ауылдан үш жарым шақырымдай жерге магистарльды газ құбыры келіп тұр екен. Содан елдімекенге қарай құбыр тарту құны 450 млн теңгеден асып кеткен. Бұл сомамен үш бірдей ауылдың шаруасы шешілмек. Алайда әкімдік қолымызда ондай ақша жоқ дейді. Сондықтан республикалық бюджетке алақан жаюға  мәжбүр.  

"Республикалық бюджеттен қаржының бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмысы тоқтап, толық Ақшолақ ауылына газ құбырын кіргізуге мүмкіндік болмады. Біз тағы 400 млн теңгеге бюджетке өтінім дайындадық. Осы жылы сол ақшаны бөліп алсақ, онда Ақшолаққа газ құбырын толық әкеп береміз", - деді Жамбыл облысы энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Әйтбеков.

Тұрғындар шенеуніктердің газ тартуға қажет ақшаны ертерек іздемегеніне ашулы. Ал атқамінерлер көпті сабырға шақырып, биыл қаражат бөлінеді дегенге сендіргісі келді. Тіпті жыл соңына дейін газ қосылады деп тағы да уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936219-zoldy-zauyp-poiyzdy-toqtatamyz-zambylda-auyl-turgyndary-seneunikterge-sart-qoidy/

pixel