RU

"Көзім көрмей қалған соң бәрі кетті": Танымал отандық дизайнер төрт баласымен бірге темір дүкенді паналап отыр (фото)

Дизайнер Құндыз Қалитханқызы отбасымен
Дизайнер Құндыз Қалитханқызы отбасымен: Жеке мұрағат

Құндыз Қалитханқызы – елімізге танымал дизайнер. Сәнді киімдер тігіп, әйгілі Берік Исмаиловтың шәкірті атанған ол күні бүгінге дейін өз еңбегімен күн кешіп келеді. Алайда, төртінші баласын босанған соң Құндыздың екі көзі көрмей қалады. Бұл жағдай дизайнердің кішігірім бизнесін құрдымға жіберіп, отбасының шырқын бұзды. KAZ.NUR.KZ қазіргі таңда төрт баласымен бірге 18 шаршы метрлік темір дүкенде тұрып жатқан тігіншімен сұхбаттасып, жағдайын білген болатын.

Құндыз Қалитханқызы 1987 жылы Түркістан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Өзінің іскерлігі мен еңбекқорлығы арқасында бірнеше жыл бұрын Алматыға көшіп келіп, елге белгілі дизайнерлерден сабақ алады. Атап айтар болсақ, пандемияда көз жұмған Берік Исмаилов - Құндызға бағыт беріп, жол көрсеткен ұстаздарының бірі. Одан бөлек, Жадыра Сахиева, Құралай Нұрқаділовалардың курсын оқып, біраз тәжірибе жинақтаған. Еліміздегі танымал тұлғаларға киім тігіп, өзінің ісін дөңгелетіп отырған Құндызға аяқ астынан сынақ келіп, төртінші сәбиінен кейін көзі мүлде көрмей қалады.

«Алматыға келген соң, талабым бар, талантым бар, біраз істі алып жүрдім. Бизнес бастауға байланысты түрлі гранттарды ұтып алып, шағын цехтар аштым. Цех үлкейіп, біраз тігіншілерді жұмысқа алып, ателье жұмысын жүргізе бастадым. Клиенттердің сенімі алға жетелеп, таңға дейін іс тігу, киім тігу менің кәсібіме айналды. Күндіз тіккен дүниелерімді сатамын, түнде тігінге отырамын.
Осылайша, біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатқанмын. Бірақ төртінші балапанымды дүниеге әкелген соң көзімнің көруі нашарлап, қос жанарым бірдей көрмей қалды. Бүкіл әлем тас қараңғыға айналды. Осындай ауыр күндерде мені жолдасым тастап кетті. Күйеуім мұндай ауыртпалықты көтере алмады.
Жылап-сықтап, жан-жаққа шығып, демеуші іздеп, екі көзімнің орнына жасанды көз орнаттым. Алматыдағы орталықта 880 мың теңгеге ота жасады. Отаның ақшасын жанашыр кәсіпкерлер көтеріп берді. Қазір көзіме апта сайын 15 мың теңгенің дәрісі кетеді», - дейді Құндыз.

Отбасын жалғыз өзі асырайтын Құндыз жасанды көзбен де тапсырыс қабылдап, еңбек етіп отыр. Ол төрт баласы үшін күні-түні тынбай тапсырыс қабылдап, клиенттердің сенімінен шығуға барын салуда. Алайда, баспананың жоқтығынан, төрт баласымен бірге тар дүкенді паналауға мәжбүр.

Құндыз Қалихтанқызы
Құндыз Қалихтанқызы: Жеке мұрағат

”Көзім мүлде көрмей қалғанға дейін ателье жұмысын барынша тоқтатпауға тырыстым. Біраз адамды жұмыстан шығарсам да, телефонмен маталарды таңдап, балаларым көмектесіп, барынша күнелттім. Алайда, денсаулығың болмаса, бәрі бекер екен. Көзім су қараңғы болған сәтте жанашырлар табылды. Балаларымның бақытына қарай жасанды көз орнатылып, араларына қайта оралдым. Енді мен төрт балам үшін барымды салсам да, баспана алу қолымнан келер емес.

Ештеңені міндет қылмаймын. Көзім нашар көрсе де киім тігіп, тамағымызды тауып отырмын. Бірақ үй салқын. Темірден жасалған 18 шаршы метр дүкенде тұрып жатырмыз. Ызғар ұрып тұр, қыста қалай күн көрерімізді білмеймін. Балаларым ауырып қалмаса екен деп, жанымды шүберекке түйіп отырамын. Көптеген қайырымдылық қорларына хабарластым. Олар дизайнерсің, күйеуден ажырасқансың деп, кері бұрылады. Иә, бұған дейінгі өмірімде ешкімге қол жайған жоқпын.
Бизнес бастап, тапсырыс алып, жанымды салып жұмыс істедім. Өкініштісі сол, бұл өткен өмірім. Қазір тар қапаста тұрып жатырмыз. Осы орайда, жанашыр жандар қол ұшын созса екен. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Суығы денеңнен өтетін тар жерде қалай тұратынымызды білмеймін”, - дейді Құндыз.

Құндызға көмектесем деушілер үшін оның анасы Сарбасова Гүлшат Құрақбайқызының реквизиттерін ұсынамыз:

Kaspi Gold: 8 775 347 31 67, Гүлшат Құрақбайқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936795-kozim-kormei-qalgan-son-bari-ketti-tanymal-otandyq-dizainer-tort-balasymen-birge-temir-dukendi-panalap-otyr-foto/