"Мектеп іші көк ала түтін, оқушылар далаға қашты": Ақтөбеде сабақ үстінде улау жұмыстары жүрген
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласындағы № 9 мектепте сабақ үстінде шыбын-шіркейді улау жұмыстары жүрді. Оқиға кеше 14 қазан күні болған. Дезинфекциялық жұмыстар кезінде газға ұқсас түтіннен қорыққан оқушылар сабақтарын тастап, далаға қашқан деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жертөледегі шыбын-шіркейді улау үшін "санитар мамандардан арнайы рұқсат алдық" деген мектеп әкімшілігі соңғы сабақтарда дезинфекция жұмысын бастап кеткен.
"Кеше кешке шамамен сағат 7-де болды. Шыбын-шіркейден улау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен жоспарлы түрде жүргізілген нәрсе. Сыныпты улаған жоқ, тек жертөлені. Содан ауа желдеткіш құбырлары арқылы жоғары қарай көтерілген. Негізі сол кезде оқушылардың көбі үйіне кетті. Болса 2-3 сыныпқа ғана сабақ өтіп жатты.
Қазіргі уақытта оқушы уланған, емханаға түсті, арыз түсті деген мәлімет жоқ. Негізі санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қауіпсіз деп айтқан. Улау жұмыстары жазда, көктемде, күзде демалыста жүргізілетін еді", - дейді мектептің кезекші мұғалімі Олег Свет.
Аталмыш мектеп екі аусымдық. Онда екі мыңнан астам бала оқиды. Мектеп әкімшілігі түстен кейін 5-7 сыныптардың оқитынын айтты.
Ал Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы аталған мектепке шыбын-шіркейге қарсы дезинфекциялық іс-шара жүргізу жөнінде ұйғарым берілмегенін хабарлады. Мектептер шарт бойынша мұндай жұмыстарды жүргізе береді және оған арнайы рұқсаттың қажет жоқ болып шықты.
"Алдын ала ақпаратқа сәйкес жоспардан тыс дезинсекциялық жұмыстар мектептің жертөлесінде сабақ уақытында шіркейге қарсы жүргізілген. ДСМ 2018 жылғы 28 тамыздағы "Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" бұйрығының 141 тармағына сәйкес өңдеу жүргізілетін жерлерде өңдеуге қатысы жоқ адамдардың болуына рұқсат етілмейді.
Осы жағдайға қатысты тиісті шаралар қабылданады, нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз",- деп хабарлайды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.
Ал қалалық білім басқармасы оқу процесі кезінде дезинфекциялық жұмыстар жүргізгені үшін мектеп директорына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданылғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937361-mektep-isi-kok-ala-tutin-oqusylar-dalaga-qasty-aqtobede-sabaq-ustinde-ulau-zumystary-zurgen/