RU

Гүлшара Әбдіқалықова ауыр атлет, әлем чемпионы Рахат Бекболатқа құрмет көрсетті

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған ауыр атлет Рахат Бекболатпен кездесті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық ауыр атлетика федерациясының президенті Темірхан Кенжебаев және ауыр атлетикадан ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұржан Смаханов ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин қатысты.

17 жасар қызылордалық зілтемірші 11 қазан күні Джиддада (Сауд Арабия) өткен турнирде 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жүлделі І орын алды. Ол 355 келі салмақты еңсерді. Бұл Рахат Бекболаттың жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында иеленген екінші алтыны. Бұған дейін ол Ташкентте өткен әлемдік додада 377 келіні бағындырып, жеңімпаз атанған болатын.

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Кездесуде аймақ басшысы әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып, олжалы оралған спортшыны жеңісімен құттықтап, игі тілегін арнады.

"Кезекті жеңісің құтты болсын! Бұл біздің өңіріміз үшін ғана емес, ел үшін үлкен жетістік. Әрине, жеңіс еңбексіз келмейді. Спортшыларымыздың үздіксіз жалықпай жаттығып, жарысқа жауаптылықпен қарауы мен жаттықтырушылардың дайындық процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында осындай зор жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Сыр елінің абыройын асқақ еткен Қамшыбек Қоңқабаевтан кейінгі сенің бұл жеңісің – Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық мерейлі белесіндегі жүлде тайқазанына тарлан рухты сырбойылықтардың атынан салған олжалы сый болды. Сол үшін де жерлестерің өзіңе риза! Сені осындай мерейлі жеңісіңмен құттықтаймын", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Облыс әкімімен пікірлесу барысында байрақты бәсеке жеңімпазы Рахат Бекболат жарыс кезіндегі ерекше сәттерімен бөлісті. Қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, ел мәртебесін одан әрі асыруға дайын екендігін жеткізді.

Қабылдау соңында облыс әкімі Рахат Бекболатқа жеңісі үшін Сыр жұртының атынан сый-сияпат ретінде демеушілер есебінен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Айта кетейік, Рахат Бекболат өткен жылы Перудің Лима қаласында онлайн форматта өткен Әлем кубогында жеңімпаз атанып, ел мәртебесін асырды. Кезекті жеңісі кезінде де спортшыны аймақ басшысы қабылдап, құрмет білдірген. Ал Vesti.kz оқырмандарының таңдауымен қызылордалық ауыр атлет "2020 жылдың үздік спортшысы" атанған болатын.

Фото
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937392-oblys-akimi-auyr-atlet-alem-cempiony-raxat-bekbolatqa-qurmet-korsetti/