Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Арбаға таңылған қыз аяққа тұрды": Журналист Елжан Біртановқа халық алғысын жеткізді

Опубликовано:

Елжан Біртанов
Фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай арбаға таңылған созақтық қызға көмектескен экс-денсаулық министрі Елжан Біртановқа алғыс айтты. Ол кішкентай бүлдіршіннің тағдыры жайлы өз Instagram парақшасында сөз қозғады.

Тележүргізуші қазір тергеуге алынған экс-министр Елжан Біртановқа тілекші екенін жазды.

"Экс-министр Елжан Біртановқа бір тілекші болса, осы Томирис екеуміз шығармыз. Ең алғашқы бағдарламада Созақтағы арбаға таңылған бес жасар қыздың тағдырын айтып, көмектесуін сұрап, хат жазып едім. Министрдің “көмектесеміз, қажет болса шет елдік емін көтереміз” деген жауабын оқып, төбем көкке жетті. Шет елге шықпай-ақ, астанадан мықты ортопед табыла кетті",- деп жазды ол.

Гүлмира Әбіқай көзделген 8 отаның төртеуі артта қалғанын жеткізді.

"Томирис арбадан тұрды, томардай аяғы кішірейді. Міне, бүгін аяғына бірінші рет бәтеңке киді. Шағын ауылға бұл үлкен оқиға. Көрші- қолаң құттықтап келіп, Томиристің бәтеңкесіне көрімдік беруде",- деді журналист.

Халық алғысын жеткізген тележүргізуші бір жылға жуық уақыт үйқамақта отырған экс-министрді 50 жасымен құттықтауды ұмытқан жоқ.

"Экс-министр кеше жарқ етіп Facebook парақшасына шықты. Елжан ағамыз ердің жасы 50-ге толды. Өз басым жүзі жылыдан түңілмеймін, ақталып шығуына тілектеспін",- деп жазды ол.

Журналист бөліскен видеода Томирис есімді қыздың аяққа нық тұрып, қадам басып жүргенін байқау қиын емес.

"Бүгін Томирис қызымыз аяқ киім киіп, әдемі болып қалды. Өз аяқ киімі, аяғы да күшті. "Дау-дамайсыздағы" Гүлмира әпкеміздің, сүйікті дәрігеріміз Ағабек ағамыздың, Біртанов ағамыздың арқасында осындай нәтижеге жетіп, аяқ киім киіп жатырмыз",- дейді кадр сыртындағы дауыс.

Еске сала кетейік, өткен жылы қазан айының соңында Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.

Осы жылдың 14 қыркүйегінде бұрынғы денсаулық сақтау министрін үйқамақта ұстау мерзімі жетінші рет ұзартылды. 24 қыркүйек күні оны үйқамақта ұстау туралы шешім тағы да өзгеріссіз қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937837-arbaga-tanylgan-qyz-ayaqtan-turdy-zurnalist-elzan-birtanovqa-xalyq-algysyn-zetkizdi/

pixel