Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкесі мен ұлын қоса сүндеттедім": Түркістандық қария бір тамшы қан шығармай қалай сүндеттеп жүргенін айтты

Опубликовано:

Абдулла Расулов
Абдулла Расулов. Фото: zamana.kz

41 жыл бойы баланы сүндетке отырғызумен айналысып келе жатқан түркістандық Абдулла Расулов өз тәжірибесінде болған қызықты жайттарды Zamana газетіне баяндап берді.

цБасылымның жазуынша, сауапты істі қолға алған Абдулла Расулов Түркістан қаласының іргесіндегі Н.Үсенов ауылында тұрады.

Кезінде Ташкент педагогика институтын бітірген ол мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, техникумда сабақ берген. Кейін басқа жұмыстар істеп, осыдан үш жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан.

Абдулла Расуловтың бала сүндеттеумен айналысып жүргеніне биыл 41 жыл толды.

"Аталарымыз «Әзірет Сұлтан» кесенесінде шырақшы болған. Жалпы, бала сүндеттеумен айналысу бізде атадан балаға мирас болып жалғасып келеді. Әкем де кезінде бала сүндеттеген, бүгінде бұл іспен менің ағам, төрт інім, ұлдарым да айналысады», – дейді ол.

Абдулла Расулов атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл кәсіпті қолға алған адамға арнайы бата берілетінін атап өтті. Ол алдымен шәкірт болып, ұстазға еріп жүріп бұл кәсіптің қыр-сырын ұғынады, нақты тәжірибеден, сынақтан өтеді.

Әбден қанығып, пісіп-жетілді-ау деген кезде ұстазы оған батасын, рұқсатын береді. Бата алған шәкірт осыдан кейін өзінің дербес жұмысын жүргізе бастайды.

Сол секілді Абдулла Расуловтың Шымкентте тұратын 24 жастағы кенже ұлы да қазір бата алу рәсіміне дайын жүр екен. Яғни ол тиісті тәжірибеден өтіп қойған.

«Бүгінде тапсырыс көбіне байланысты негізінен Шымкентте жиі боламын. Кейде ауылдарға да шығамын. Негізінен ауылдарға қазір інілерім мен ұлдарым барып тұрады», – дейді ол.

Абдулла орыс ұлты өкілдерін сүндеттегенін де айтады.

«Бірде «Ворошиловка» жақта таныс жігіттің баласын сүндеттегенмін. Сосын ол: «Бір орыс әжей бар еді, немересін сүндеттеткісі келіп жүр. Сол баланы да сүндеттей кетсеңіз дұрыс болар еді», – деп мені өз көлігімен әлгі әжейдің үйіне апарды. Ол кісінің немересін сүндеттеп бердім.

Састөбеде, Кентауда, Түркістанда, Арыста, Шымкентте біраз орыс ұлтының өкілін сүндеттедім. Бірі мұны денсаулық, тазалық үшін пайдалы екенін біліп істетсе, енді бірі саналы түрде Ислам дінін қабылдаған азаматтар. Мысалы, қалта телефондарын жөндеумен айналысатын, есімін Абдулла деп өзгерткен, сүннет деп сақал қойған бір орыс жігітті сүндеттедім. Мұсылман қызға үйлену ниеті бар екен. Ол өзінің жолдастарын да сүндеттелуге үгіттеп жүрді», – дейді Абдулла.

Абдулла Расулов жасы ұлғайып қалғандарды сүндеттеген кездерінде еске алды.

«Осыдан үш-төрт жыл бұрын Шымкенттің «Қазығұрт» шағын ауданында 50 жастағы азаматты сүндеттедім. Ол туралы маған сондағы мешіттің азаншысы Исмаил деген азамат айтты. «Азан шақыруға кел десем, сүндеттелмегенін айтады. Сосын мен оған сіздің телефоныңызды бердім», – деді Исмаил. Арада көп өтпей маған әлгі азаматтың әйелі хабарласты. «Екі баламызды дәрігерлерге сүндеттеткенде қаны тоқтамай, «жедел жәрдем» шақыруға мәжбүр болған едік. Қатты қорыққанбыз. Күйеуім – жасы 50-ден асқан адам, қалай болады, одан айырылып қалмаймын ба?» –дейді уайымдап. «Еш қорықпаңыз! Бір тамшы да қан шығармай сүндеттеп беремін», – дедім. Әлгі азаматты сол күні сүндеттедім. Әйелі екеуі де риза болды. 30, 35, 40 жастағы азаматтарды да сүндеттеген кездерім бар. Олардың көбі кезінде қатар-құрбылары сүндеттеліп жатқанда қандай да бір себеппен қалып кеткен, кейін ұялып немесе қорқып жүріп сүндеттелмей қалғандар. Шешелері орыс болып, сүндетке отырғызуға әкесіне ырық бермей қойғандар да баршылық", - дейді өзінің жұмысы туралы ашық сұхбат берген ер адам.

Абдулланың қолынан сүндеттелген үлкен кісілер арасында үш ағайында азамат та болған екен.

"Темірланда сондай үш ағайынды азаматты сүндеттегенмін. Сол ауылда бала сүндеттеген едім, үй иесі көршісінің де баласын сүндеттеткісі келіп жүргенін айтты. Көршісінің баласын сүндеттеп болғанымда әлгі азамат оның әкесі де сүндеттелмегенін айтып қалды, «Оны да сүндетке отырғызуға бола ма?» – деп сұрады. Мен болатынын айттым. Әлгі азаматтың өзі де ойланып жүрген екен, сүндетке отыруға келісті. Шыдады. Оны көріп ағасы да тәуекел етті. Қысқасы, не керек, сол күні әлгі азаматтың ағасы мен інісін де қоса сүндеттедім», - дейді Абдулла.

Ел ішінде жиі болатындықтан ол кісінің танысы көп. Шақырса, ол басқа облыстарға да бара береді.

Абдулла егер қажетті заттар жеткілікті, адамдар дайын болса, бір баланы сүндеттеуге екі-үш минут, ары кетсе бес минуттай ғана уақыт жұмсайтынын айтады. Ал сүндеттеу кезінде бала ауырсыну сезінбесі үшін ледокаин аэрозолін қолданады. Мүшенің артық терісі кесілген жерге қан тоқтату үшін ұзақ қолданыста болған көрпенің әбден нығыздалған мақтасынан алынған күл қолданылады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937849-akesi-men-ulyn-qosa-sundettedim-turkistandyq-zeinetker-balany-bir-tamsy-qan-sygarmai-qalai-sundettep-zur/