Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Журналист азаттық үшін жан салған ұлт қайраткерінің Алматыдағы тозығы жеткен үйін көрсетті

Опубликовано:

Сырттанов үйі
Фото: Facebook/Гүлнар Мағзұмова

Журналист Гүлнәр Мағзұмова белгілі алаш қайраткері, заңгер Барлыбек Сырттановтың Алматыда тұрған үйін көрсетті. Оның сөзінше, ұлт қайраткерінің үйі тозығы жетіп, жетімсіреп тұр. Журналист тарихи тұлғаның шаңырағына реставрация жасап, оны ұрпаққа тәлім болар мұражайға айналдыруды ұсынды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Гүлнәр Мағзұмова ел билігіндегі азаматтарға Алматыдағы Барлыбек Сырттанов тұрған үйге назар аударуын өтініп, Facebook-те жазба жариялады.

"Барлыбек Сырттановты көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі Ата заңының негізі алаш қайраткері Барлыбек Сырттанов жазған "Қазақ елінің уставымен" сәйкестендірілген. Сырттановтың қазаққа сіңірген еңбегі тек "Қазақ елінің уставы" ғана емес, ол Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай, Бақытжан Қаратайұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы сияқты алаш азаматтарымен бірге қазақтың азаттығы үшін жан салған күрескер.

Алматы қаласында осындай ұлт тұлғаларының бірі Барлыбек Сырттанов тұрған Бәрібаев көшесіндегі №5 үй әлі бар. Бұл үйде Барлыбектің тұрғаны туралы алаш азаматтарының еңбегін зерттеп жүрген Елдос Тоқтарбай Барлыбектің ұлы Кәкенің өз қолымен жазған хаты арқылы дәлелдейді.

Ал ғаламтордағы ашық дереккөздерге сүйенсек, Мұхамеджан Тынышбаев өзінің "Барлыбек Сырттанов" туралы жазған некрологында "Барлыбек, Тұрлыбек аталып ағайынды екеуі Алматыда тұрды. Жетісу облысына қараған қазақ-қырғыз бәрі бұларға ағайын-туыс болып, бұлардың үйінде топырлап жатпаған кезі болған емес. Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке жылап келіп, теңдік алып мауқын басушы еді", - деп жазыпты. Бүгінде алаш қайраткері, демократ, реформатор, заңгер Барлыбек Сырттанов тұрған үй тозығы жетіп, жетімсіреп тұр.

Қазір ол үйге жақын маңдағы ескі үйлер бұзылып, орнына көпқабатты үйлер салынуда. Қазақ тарихында өзіндік орны бар алаш азаматы тұрған үйді мемлекет қамқорлығына алу, реставрация жасап, бүгінгі ұрпаққа тәлім болар мұражайға айналдыру ел билігінде жүрген қазақ азаматтарының парызы", - деп жазды Гүлнәр Мағзұмова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938631-zurnalist-azattyq-usin-zan-salgan-ult-qairatkerinin-almatydagy-tozygy-zetken-uiin-korsetti/

pixel