Алматыға қыс келді: қалада 500 көлік қар тазалауға шықты (фото)
Жарияланған күні:
Алматыға бүгін қыс келді. Қар кеше кешке жауғанына қарамастан, қалалықтар ақ ұлпаның әсемділігін тек таңертең тамашалай алды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тұрғындардың бірқатары жолдың тазаланбағанына шағымдануда. Олар жолдан жаяу да, көлікпен де өту оңай емес, дейді. Алайда, Алматы әкімдігі қар тазалауға 500-ден аса арнайы техника жұмылдырылғанын айтып отыр.
"Қар жауа бастағаннан бері 185 құм шашқыштың күшімен жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Көктайғаққа қарсы 4200 тонна материал пайдаланылды. Қар тазалау, жаяу жүргіншілер жолын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде", - деп хабарлады әкімдік.
Қар тазалау жұмыстары түнгі сағат 03:30- да басталған. Осы уақыт аралығында 517 арнайы техника, оның ішінде 173 құм шашқыш, 165 бірлік сыпыру-жинау техникасы, 52 қар тиегіш, 49 жүк көлігі, 9 автогрейдер және 1400 жол жұмысшысы бар, деп хабарлады қала әкімдігі.
Қарды жаппай шығару дәстүрлі түрде қар жауғаннан кейін таңертең жүзеге асырылады. Аудандық әкімдіктерде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Ал алматылықтар қар жауған соң такси қызметі қымбаттап кетті деп алаңдап отыр.
Қазгидромет 2021 жылдың 4 қарашасында күндіз 6 градусқа дейін аяз болатынын, ал түнде температура бағаны 13 градусқа дейін түсетінін хабарлаған еді.
4 қараша сағат таңғы 8- дегі жағдай бойынша, қалаға 8 сантиметр қар түскен. Тау етегіндегі аудандарда бұл цифр 10 сантиметрді, тауда -15 сантиметрді құрайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1940516-almatyga-qys-keldi-qalada-500-kolik-qar-tazalauga-syqty-foto/