RU

Гарвард университетінің деканы Ақназар Қажымұраттың қазасына байланысты хат жазды

Ақназар
Фото: Instagram/ztb_kz

Гарвард университетінің деканы Ракеш Хурана Ақназар Қажымұраттың өліміне байланысты оқу орнының студенттері мен қызметкерлеріне хат жолдады, деп жазады The Harvard Crimson басылымына сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Университет деканы Ракеш Хурана студенттер мен әріптестеріне Қажымұрат Ақназардың мезгілсіз қазасы туралы марқұмның отбасымен хабарласып, сөйлескеннен кейін электронды хат арқылы абарлаған.

Оқу орнының өкілі Рэйчел Дэйн басылымға Ақназардың 2020 жылдың көктемінде бірінші курсты аяқтаған соң, оқу демалысында жүргенін айтқан.

Хурана өз хатында Кёрклэнд хаус (студенттер үйі - ред.) тұрғыны болған Ақназардың университет қабырғасында аса сыйлы, құрметті студент бола білгенін жазады.

"Ақназар математикадан табиғатынан дарынды болды. Ол көп уақытын кампуста басқа студенттерге білгенін үйретумен өткізетін және өзгелерге математикадан көмек беруге әрқашан ашық еді. Алғашқы оқу жылынан оның білімге құштарлығы көрініп тұрды, ол қатарластарына үй тапсырмасын орындауға көмегін аямайтынымен есте қалды. Ақназардың кампустағы бірінші оқу жылы коронавирус пандемиясының кесірінен үзілді. Сонда ол Кембриджде өзі танысқан адамдарды сағынатынын айтқан еді", - делінген Хурананың хатында.

Хурана Ақназармен өмірде таныс болғанын бақытқа балайтынын жазды.

"Ол біздің ортамызды толтырып кетті, оны сағынамыз. Мұндай жаңалықтар барлығымыздың жүрегімізді ауыртты. Ақназардың қазасы туралы жаңалықты есту барлығыңызға ауыр тигені рас", - дейді университет деканы.

Сондай-ақ, Хурана Кёрклэнд хауста жексенбі күні бұл жағдайдан хабардар болып, көңіл-күйі түскен студенттерді қолдау мақсатында жиын өтетінін хабарлаған.

Одан бөлек, Гарвардтың Орталық Азия студенттерінің ассоциациясы да Ақназардың қазасына байланысты көңіл айтып жазба жариялаған.

"Көпшілігіміз оны жақсы танитынбыз, ол Гарвардтағы достарына үлгі болған. Жаны тыныштық тапсын", - делінген жазбада.

Еске сала кетсек, бұған дейін Гарвардта оқитын Назарбаев мектебінің түлегі Ақназар Қажымұрат Алматыда белгісіз жағдайда қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941562-garvard-universitetinin-dekany-aqnazar-qazymurattyn-qazasyna-bailanysty-xat-zazdy/