RU

"Отбасыма ауыр": Азық-түліктің қымбаттығы қалтасына салмақ салған тұрғын шатырды тауық қораға айналдырған

Тауық
Видеодан кадр: КТК

Ақтауда көпқабатты үйдің шатырын тауық қораға айналдырған тұрғынның басы дауға қалды. Ол азық-түліктің қымбаттығынан амалсыз құс өсіруге бел буған, алайда көбалалы әкенің бұл әрекетін көршілері құптамаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Алғашында ештеңе түсінбеген тұрғындар көршісінің шатырда құс асырайтынын кейін білген.

10 қабатты үйдің шатырында тауық ұстаған тұрғын бір-екі көршісінен рұқсат та алған. Бірақ өзге тұрғындар әтештің ақырған даусынан ұйқымыз бұзылды деп шу шығарған.

Ал құстардың иесі Рүстем Тінеев мұндай қадамға азық-түліктің бағасы қалтасына салмақ салған соң барғанын айтады.

Мәселен, бұрын бір данасы 35 теңге тұратын жұмыртқа қазір 55-60 теңгеге көтерілген. Дегенмен, тұрғын тауықтарынан әлі жұмыртқа алып үлгермеген.

"Азық-түлік қымбаттап жатыр, білесіздер. Сол үшін осындайға барып отырмын. Отбасыма ауыр болған соң. Мына жер қараусыз болғаннан кейін тазалап, тауықтарға үйшік қылдым, бақтым", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Рүстем Тінеев.

Алты баланың әкесі көпқабатты үйдің шатырындағы шағын бөлме ешкімге керек болмаған соң тазалап алып, кәдесіне жаратқан.

Ал пәтер иелері кооперативінің айтуынша, 10 қабатты үйдің шатырына ешкімге кіруге рұқсат жоқ. Тіпті сақтық үшін құлып салған көрінеді. Десе де, тауық бағатын тұрғын көрші үйдің төбесінен өткен екен. Шыдамы таусылғандар ақырында полицей шақырған.

"Аталған жайтқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы және 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", - дейді Ақтау қаласы полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Олжас Әлімбаев.

Тауық қора иесіне екі бап бойынша 70 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, ол алдағы бір-екі күннің ішінде тауық қорасын тазалап, үй құстарын алып кетуі керек.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1941608-otbasyma-auyr-azyq-tuliktin-qymbattygy-qaltasyna-salmaq-salgan-turgyn-satyrdy-tauyq-qoraga-ainaldyrgan/