RU

Степногордағы мектеп- интернатта тәрбиеленушілер төменгі сынып оқушыларын ұрып-соққан

Әлімжеттік
Видеодан кадр: t.me/stepnogorsknews

Әлеуметтік желіде Степногордағы мектеп-интернатта кішкентай балаларды ұрып, әлімжеттік жасаған тәрбиеленушілердің видеосы тарады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Видео "Step.news - Новости Степногорска" Telegram парақшасында жарияланды. Кадрлардан жасөспірімнің екі баланы ұрып-соғып жатқанын байқауға болады.

Жазбада оқиғаның Степногор қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы спорт саласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта болғаны айтылады.

Көп ұзамай бейнежазба астында Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большинаның пікір жазды.

Ол оқу орнының қабырғасында тәртіпті қасақана бұзу фактісі бойынша мектеп-интернат әкімшілігі қызметтік тергеу жүргізгенін хабарлады. Нәтижесінде кінәлі спортшы- оқушылар мектеп-интернаттан шығарылған, ал оқыс оқиғаға жол берген қызметкерлерге әкімшілік жаза қолданылған.

"Барлық материалды зерделегеннен кейін Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан тексеру жүргізілетінін және кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын хабарлаймыз",- деді Большина.

NUR.KZ тілшісі пікір алу үшін Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне жүгінді. Ведомство аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 141- бабы 1- бөлігі, 194- бабы 2- бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады.

Алдын ала ақпарат бойынша, 21 қазан күні үш кәмелет жасқа толмаған бала, дәлірек айтқанда, 8-сынып оқушылары 7- сыныптың екі оқушысына дене жарақатын келтіріп, смартфонға видеоға түсіріп алған. Жанжалдың себебі жеке қарым-қатынастағы түсініспеушіліктер болуы мүмкін.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942071-stepnogordagy-mektep-internatta-tarbielenusiler-tomengi-synyp-oqusylaryn-uryp-soqqan/