RU

Пеш жаққан кезде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек

Пеш
Көрнекі фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті пеш жағу кезінде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек екенін айтты. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланған.

Ведомствоның мәліметінше, жылыту маусымы басталғалы бері өңірде 5 тұрғын улы газбен уланған, оның үшеуі бала. Медициналық мекемеге жатқызылған олар аман-есен.

ТЖД көбінесе улану қарапайым ұмытшақтық салдарынан орын алып жататынын айтады. Тұтынушылар мұржадағы жапқышты ашуды ұмытып, пешті уақытылы тазаламайды, мұржада тартылыс бар-жоғын тексермей, пешті балаларға пайдалануға сеніп тапсырады.

"Улы газдың иісі мен түсі жоқ, сондықтан аса қауіпті. Адам үшін улы газ-ең күшті улану. Тыныс алу кезінде ағзаға, одан кейін өкпеден қан айналым жүйесіне енеді", - деді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Серік Амангелдин.

Осыған байланысты құтқарушылар азаматтарға қауіпсіздік ережелерін естен шығармауы кеңес береді.

Мәселен, мұржаларды тазалау кезінде жарықтар мен ақауларды жою қажет. Жылыту кезеңінде пештерді тазалау кемінде 3 айда бір рет жүргізілуі тиіс.

Түтін өтетін арналар, құбырлар мен қабырғалардың беттері жарамды, жарықсыз, сыланған және әктелген болуы керек. От жағу тұрғындар ұйқыға кеткенге дейін кемінде 2 сағат бұрын тоқтатылғаны дұрыс.

Күлге су құйып, оны үйден 15 метрдей жерге апарып төккен жөн.

"Құтқарушылар Шығыс Қазақстандағы 148 000 үйді аралап шықты. Әр үй иесіне олар пешті қауіпсіз пайдалану ережелері бар ұсыныстар берді. ТЖД қызметкерлері облыс бойынша 8172 өңірде жалғыз басты қарт азаматтар, мүгедектер мен көп балалы отбасылар тұратын әлеуметтік осал отбасыларда улы газ хабарлағышын орнатуда", - деді Серік Амангелдин.

Айта кетсек, еліміздің заңнамасына сәйкес өрт қауіпсіздігі үшін үй иесі жауапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1942600-pes-zaqqan-kezde-qandai-qauipsizdik-erezelerin-saqtau-kerek/