Алматыда салмағы 6 келіден асатын нәресте дүниеге келді
Опубликовано:
Алматыда салмағы 6 келі 280 грамм және бойы 66 сантиметр нәресте өмірге келді. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының мәліметінше, әйелді жүктіліктің 40-аптасында кесарь тілігі арқылы босандырған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Анасының жағдайы қанағаттанарлық, бұл оның алғашқы баласы, жасы 20-да. Бала анасының жанында. Жаңа туған сәбидің дені сау, ол да дәрігерлердің бақылауында", - деді орталық директоры Гүлнәр Нұрланова.
Оның сөзінше, бұл Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында өмірге келген ең үлкен сәби.
"Бізде салмағы жоғары балалар өмірге келген болатын. Соңғы рет салмағы 5 келі 800 грам нәресте дүниеге келді. Бірақ 6 келі 280 грамм біздің орталықта алғаш рет тіркеліп отыр", - деді Гүлнәр Нұрланова.
Еске сала кетсек, бұған дейін осы орталықтың дәрігерлері дүниеге 530 грамм салмақпен келген сәбиді аман алып қалғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946686-almatyda-salmagy-6-keliden-asatyn-nareste-duniege-keldi/