Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

35 жыл бұрын Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген тарихи суреттердің кейіпкерлері жайлы не білеміз

Опубликовано:

Сабильянов
Фото: Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаты

1986 жылы желтоқсанда Алматының орталық алаңына жиналған қазақ жастары Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Қазақстанда есімін ел естімеген Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсылық білдірді. Сол кезде оқиға орнында түсірілген суреттер бүгінде мұрағатта сақталып тұр. Олардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мысалы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, желтоқсаншы Нұртай Сабильянов өзінің рупермен сөйлеп тұрған фотосының кесірінен тоғыз ай тергеуде жүрген.

"Сол кезде Алматы халық шаруашылық институтының 3-курс студенті едік. Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшылығына басқа жерден Колбин деген азаматты тағайындады дегенде бәріміз өре түрегеліп, алаңға бет бұрдық. Намысы бар, қазақтың қайсар жігіттері талап етіп: "өз ұлтымыздың өз жеріміздің азаматы болсын, Қазақстан үлкен, өзімізден неге қоймасқа", деген қарсылық болды. Тарихтан білесіздер.

Есімде, біз алаңда тұрып "Менің Қазақстаным" әнін шырқадық. Алаңнан бізді қуып шыға алмаған соң, өрт сөндіргіш машиналарды пайдаланғанын айта кеткенім дұрыс шығар. Суық сумен жастарды алаңнан қуды. Соған қарамастан олар өтіп кеткеннен кейін қайта алаңға жиналамыз. Алаңды халық сақшылары қоршап тұрды. Әскери техникаларды алып келген. Біздің күшіміз оларға жетпеді. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан адамдардың бірі бас бостандығынан айырылды, біреуі оқудан шығарылды, бірі қудаланды.

Мен алаңда рупермен сөйлеп тұрған суретім үшін тоғыз айдай тергеуде болдым. Негізі мен институтта оқытушы болып қалуым керек еді. Соған жолдама берген, жақсы оқығаным үшін. Бірақ осы жағдайдан кейін басқа ректор келді де, бізге бұндай ұлтшыл керегі жоқ деп, жолдаманы қайтарып алды. Ленин стипендиясын беретін, одан да алып тастады. Институт бітіргенім туралы дипломды кейінірек берді", - дейді Нұртай Сабильянов Қазақ радиосына берген сұхбатында.

Келесі фото да көпшілікке жақсы таныс. Алаңға шығып, шеп құрған жастардың арасында түлкібастық Ербол Байдуалиев болған (солдан оңға қарай 4-ші тұрған, ақ-қара түсті тымақ киген азамат)

желтоқсан оқиғасы
Фото: elimai.kz

Malim.kz сайтына берген сұхбатында желтоқсаншы азамат алаңда екі күн жүріп, үшінші күні ұсталғанын баяндайды.

"Төбелес шығару, төңкеріс ұйымдастыру ойда болған емес. Алаңда екі күн жүріп, үшінші күні милицияға ұсталдық. Бірінші күні жай ғана барып қайтқанбыз. Бізге 17 желтоқсан күні сағат 18:00 шамасында өрт сөндіру техникаларымен су шашты. Арандату ғой. О кезде түсінбеппіз. Қазір ойласам біраз нәрселері түсінікті. Қыздарды да аямай ұрды. Одан кейін біз қалай қарап тұрайық? Милиция жасақтарымен төбелесе кеттік. Аязда суға малынып, жаурап тұрсақ та орнымыздан кетпедік. Айналып келгенде қазақтың намысын қорғадық деп түсіндік.

Бірақ, қарулы жасаққа жалаң қолмен қалай төтеп бересің? Жігіттер шамалары жеткенше қыздарды құтқарғысы келді. Одан кейін милициялар бізді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Бәрімізді арнайы тіркеуге алды. Бізді КГБ шақырып, олар да тергеді. Соның ішінде Серік Бурханов деген қазақ майоры есімде қалды. Бізге жаны ашып, түсініктемені өз пайдамызға ыңғайлап толтыруға жеке өзі көмектесті. Оның сол жақсылығын ешқашан ұмытпаспын.

Ал алаңда басыма соққы тиіп, шүйдем жарылған. Екі-үш айдай басымды алты жерден тіктіріп, төсек тартып қалдым. Ауруханаға да бармай, ауылға да қайта алмай жүрдік қой. Үш ай жасырындым. Басымның арты тыртық. Осындай жағдай басымыздан өтті", - дейді Ербол Байдуалиев.

Үшінші сурет 35 жыл бойы деректі фильмдерде көрсетіліп, газет-журналдарда талай рет жарияланған.

Анар
Фото: Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаты

Десе де, фотодағы бұйра шашты қыздың тағдыры көпке қызық болды. Тәртіп сақшыларының жетегінде келе жатқан желтоқсаншы арудың есімі - Анар Рахымжанова.

Анар Рахымжанова сол кездері оқуға түсе алмай, Алматыда құрылыста жұмыс істеп жүрген. Ол бұл жайлы "Менің өлкем" басылымына берген сұхбатында айтады.

"Құрбым екеуміз құжаттарымызды жоғалтып алып, оқуға тапсыра алмай қалдық. 16 желтоқсан күні осы жағдайды естігеннен кейін жұмысқа шыққым келмеді. Жатақханада отырғанымызда сыртта жүрген жігіттер дыбыс зорайтқышпен "Оян, қазақ! Алаңға қарай аттан!" деп ұрандатты. Сөйтіп рухтанып, қайраттанып алаңға шықтық.

Қаумалаған қалың жұрттың толқынымен алдыңғы лекке қалай шыққанымызды да байқамай қалдық. Бір кезде сақшылар көтерілісшілерге лап қойды. Бәрі жан-жаққа жапа-тармағай қаша бастады. Бұрыла беріп құлап түстім. Орнымнан көтерілгенімде қарулы жасақ ұстап алды. Шынымды айтсам, осы сәтте өзімді емес, тепкінің астында қан-жоса болып жатқан қазақ жігіттерін ойлап, ет жүрегім елжіреді.

Бейне бір итжеккенге айдағандай қолға түскендерді автобустарға тоғытып, алып кетіп жатты. Мені Қарасай аудандық милииця бөлімшесіне жеткізді. Бағыма орай ондағы милиционерлер кілең қазақ жігіттері екен. Маған қол көтерген ешкім болған жоқ", - дейді Анар Төлегенқызы.

Желтоқсанда алаңға шыққаны үшін Анар Рахымжановаға 5 жыл бойы жоғары оқу орындарына түсуге тыйым салынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1946884-35-zyl-buryn-zeltoqsan-oqigasy-kezinde-tusirilgen-tarixi-suretterdin-keiipkerleri-zaily-ne-bilemiz/

pixel