Алматы Жаңа жыл мерекесіне қалай безендірілді
Жарияланған күні:

Алматы қаласы Жаңа жыл мерекесіне қызу дайындалып жатыр. Шаһарда ғимараттар, алаңдар, көшелер мен саябақтар безендірілген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мәселен, Сатпаев көшесінде Есентай өзенінің маңынан Жаңа жыл қалашағын тамашалауға болады. Биыл мұнда қонжық, айналаны шолу дөңгелегі, шыршалар, үйшіктер мен шарлар қойылған.
Алматылықтар бұл жерге естелікке суретке түсу үшін жиі келеді. Сондай-ақ, бұл жерден жасанды қарды да табуға болады.


Қаладағы цирк маңына қойылған бірнеше шырша мен архитектуралық пішіндер де мегаполиске көрік беріп тұр.

Республика даңғылына қарама-қарсы бетте тұрған "Алмалы" сауда үйінің алдына кішігірім шырша қойылған. Ал амфитеатрдың шатырына алтын түстес шарлар ілінген.

Одан бөлек, біздің журналистер осы маңайдан жаңа жылдық көңіл-күй сыйлайтын танымал компанияның көліктерін кезіктірген болатын.

Ал Абай даңғылының бойына "2022" деп жазылған конструкция қойылған. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жерге де келіп, естелік суретке түсуде.

Сонымен бірге, Республика сарайының алдына да шырша қойылған.

Сонымен қатар, тұрғындардың көпшілігі Панфилов көшесіндегі иллюминацияға барып, фотосессия жасауда. Бұл жерде суретке түсуден бөлек, көше музыканттарын тыңдауға болады.

Айта кетейік, қаланың бас шыршасы ҚБТУ ғимаратының маңында орналасқан. 20 желтоқсан күні шырша шамы жағылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948096-almaty-zana-zyl-merekesine-qalai-bezendirildi-foto/