Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ең көп балл жинаған үміткер қабылданады": Елімізде мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі өзгереді

Опубликовано:

Мектеп
Көрнекі фото: Pexels

Елімізде бұдан былай педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылатын болады. Тиісті бұйрық Әділет министрлігінде тіркелді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Министрдің сөзінше, өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған.

"Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді.

Мұндай жағдайлар қандай себептерге байланысты орын алатынын болжау қиын емес. Бұдан былай білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізетін болады. Бұл шағын жинақты мектептерге қатысты емес", - деп жазды Аймағамбетов.

Осы ретте минстр байқауға біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер қатысатынын атап өтті.

Ең алдымен үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балдарын дербес қояды.

"Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдардың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. Субъективизм деңгейі барынша төмендейді.

Сонымен бірге бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер оң ұсыныс үшін 3 балл жинаса, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады.

Ұйымдар үміткердің қандай да бір бұзушылықтарға, оның ішінде педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол берді ме, жоқ па, сол туралы ақпаратты ескере алады. Мұндай фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі. Ережеде үміткердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылған", - деді Асхат Аймағамбетова.

Сонымен бірге, министр ЖОО мен колледж түлектері жұмысқа тұру үшін Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте "педагог" бірінші санатын алуға міндеттелетінін хабарлады.

Одан бөлек, педагог қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат беріледі.

"Сондай-ақ, осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады. Бұл ретте бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлшектеуге жол берілмейді.

Қабылданған ереже педагогтермен, сарапшылармен, мектеп директорлары және әдіскерлермен, білім басқармаларының басшыларымен және басқа да білім беру ұйымдарының өкілдерімен талқыланды", - дейді Білім және ғылым министрі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948431-en-kop-ball-zinagan-umitker-qabyldanady-elimizde-mugalimderdi-zumysqa-qabyldau-tartibi-ozgeredi/

pixel