Иесі көз жұмған: Жамбыл облысында тонналаған пияз далада шашылып жатыр

Опубликовано:

пияз
Көрнекі фото: remontideas.ru

Жамбыл облысының Байзақ ауданында мың тонна пияз далада шашылып жатыр. Үсік шалған көкөністер шіріп кеткен. Тұрғындар оны жинап әкетуді талап етуде, деп хабарлайды КТК.

Дәл күре жолдың бойындағы алқапта пияз қап-қабымен шашылып жатыр.

Белгілі болғаны, қожалық иесі екі ай бұрын коронавирустан көз жұмған. Содан бері марқұмның туыстары да төбе көрсетпепті.

Диқан еңбегінің қызығын ауыл халқы көріп, шама келгенше жарамдысын жинап алған.

Жергілікті тұрғындар қалған өнімді тазартып тастау керек дейді. Әйтпесе күн жылынса шашылған пияз иістеніп, ауаны ластауы мүмкін деп қауіптенеді.

"Сасып жатыр, табиғатты құртады ғой, оны алу керек, тазалау керек. Адам жалдау керек шығар. Қазір енді күні жылы, алдағы уақытта не болатын білмейміз", - деді аудан тұрғыны Ғалия Әлиханова.

Шенділердің сөзінше, пияз 300 емес, бар болғаны 40 гектарға егілген. Иесі алқаптағы көкөністің төрттен бір бөлігін жинап үлгермеген екен. Сөйтіп 10 гектардан шыққан мың тонна пияз аязда үсіп кеткен.

"Бәрі аяқастынан болып кетті. Біріншіден, ол кісінің басқарып жатқан қызметкерлері жинауға тиіс еді. Сақтау қоймасына тасымалдап жатқан. Екі ортада жаңағыдай орын алған соң, тасымалдап үлгере алмай, уақыт созылып кетті", - дейді Байзақ ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы  Нұрсұлтан Ақжолов. 

Шенеуніктердің айтуынша, үсік шалған пиязды қоймаға кіргізу де қауіпті. Өйткені бұзылған көкөніс басқа өнімдерді шірітеді. Қоқысқа айналған голландиялық пияздың алқапта қанша жатары белгісіз. Өйткені әкімдік оны жинап алуға ниет танытпады. 

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1948504-iesi-koz-zumgan-zambyl-oblysynda-tonnalagan-piyaz-dalada-sasylyp-zatyr/