Томирис Байсафаның өліміне қатысты іс 19 қаңтар күні қайта қаралмақ
Жарияланған күні:
Томирис Байсафаның өліміне қатысты іс 19 қаңтар күні қайта қаралады, деп хабарлайды РИА Новости.
Мәскеудің Никулин соты қазақстандық Томирис Байсафаны өлтірді деген күдікке ілінген Муртузали Меджидовтің ісін қайта қарайды. Сот отырысы 19 қаңтар күні өтеді.
Айта кетейік, 2021 жылдың 7 маусымында алқабилер соты Дағыстан экс- премьерінің ұлы Муртузали Меджидовті кінәсіз деп тапқан еді. Алайда, Мәскеу қалалық соты үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.
Еске салсақ, 2018 жылдың 3 мамырында Мәскеуде университет ғимаратынан құлаған қазақстандық студент Томирис Байсафа қайтыс болған еді.
Ресей тарапы аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар, тергеу органдары марқұмның өзіне қол салуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырды. Алайда, Томирис Байсафаның анасы өмірге құштар қызының өзін өлтіруі мүмкін емес екенін айтқан болатын.
Сондай-ақ, қазақстандық арудың өліміне қатысты істе Дағыстанның бұрынғы премьерінің ұлының есімі де аталды. Олардың жақын қарым-қатынаста болғаны да айтылды. Кейін одан жауап алынғаны да хабарланды.
2020 жылдың 28 шілдесінде Муртузали Меджидовтің ұсталғаны белгілі болды. Ресейдің тергеу комитеті оған қатысты 105-бап бойынша ("Кісі өлтіру") қылмыстық іс қозғады. Кейін ол қамауға алынды.
Ал өткен жылдың маусым айында атышулы іс бойынша сот процесі аяқталып, Томирис Байсафаның өліміне күдікті деп танылған Муртузали Меджидов ақталып шықты.
Кейін марқұмның анасы сотта заңбұзушылықтар орын алғанын мәлімдеп, апелляциялық шағым түсіретінін айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949625-tomiris-baisafanyn-olimine-qatysty-is-19-qantar-kuni-qaita-qaralmaq/