RU

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде полицияның модульді бекетін өртеп жіберген

Сожженный пост полиции
Фото: NUR.KZ

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде полицияның модульді бекеті өртке оранған. KAZ.NUR.KZ редакциясына жанып кеткен бекеттің фотосын оқырман жіберді.

Өртенген модульді бекет Алматыдағы Абай мен Алтынсарин даңғылдарының қиылысында орналасқаны хабарланды.

Кадрлардан модульдік бекеттің тек жақтаулары қалғаны көрінеді. Өрт салдарынан шағын нысанның сау-тамтығы қалмағанын байқауға болады.

Еске салсақ, 2 қаңтар күні Жаңөзенде тұрғындар газ бағасының 120 теңгеге көтерілуіне байланысты наразылыққа шыққан болатын. Жаңаөзендіктердің бұл бастамасы еліміздің бірқатар өңірінде жалғасын тапты.

Атап айтқанда, 3 қаңтар күні Ақтау мен Атырауда жаппай ереуілдер болды.

Аталған жайт бойынша президент үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Сонымен бірге, Маңғыстау облысында газ бағасын 120 теңгеде 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарылды.

Десе де, наразылық шаралары мұнымен тоқтаған жоқ. Ереуілдер 4 қаңтар күні кешке Алматыда жалғасын тапты. Наразы топ қаладағы "Алматы Арена" маңына жинала бастаған.

Мегаполистегі митингтер тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Алматы қаласында коменданттық сағат енгізілді.

Қалада мобильді интернет өшіріліп, бірқатар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылды.

Артынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді.

Қазақстан Республикасы премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949841-almatydagy-tartipsizdikter-kezinde-policiyanyn-moduldi-beketin-ortep-zibergen/