Жамбылдағы тәртіпсіздіктер кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерінің отбасына 3 бөлмелі пәтер берілді
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ерлікпен қаза тапқан Тараз қаласы полиция басқармасының 1-бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбековтың отбасына үш бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық Ұланның 5513 әскери бөлімінде өткен шараға Рахат Сланбековтің отбасысы, туған-туыстары мен әріптестері қатысты. Олар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев сын сағатта ерлік танытқан Рахаттың есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тыныштығын күзету жолында, қасгөйлерге қарсы күресте опат болған батырларды түрлі Мемлекеттік наградалармен марапаттап, лайықты құрмет,отбасыларына қажетті көмектер көрсетуді тапсырған болатын.
Бүлікшілердің қолынан қаза тапқан Рахаттың ерлігі мен өрлігі өзінің әріптестеріне, кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол қызметтік міндетін абыройлы, адал атқара отырып, өзінің нағыз патриот, елжанды ер азамат екенін дәлелдеп кетті. Елдің амандығы, бейбіт тұрғындардың тыныштығы жолында өзін құрбан етті. Рахат секілді батыр ұландардың есімін елі ешқашан ұмытпайды", - деді Бердібек Сапарбаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ІІ дәрежелі "Айбын" орденін марқұмның анасына табыстаған. Сондай-ақ, артында жары, бес ұл-қызы қалған батырдың отбасына 3 бөлмелі пәтердің кілті берілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951407-zambyldagy-tartipsizdikter-kezinde-erlikpen-qaza-tapqan-policiya-qyzmetkerinin-otbasyna-3-bolmeli-pater-berildi/