"Оператор РОП-тың" утилизациялық алымды әкімшілендіру бойынша қызметі тоқтатылды

Опубликовано:

утилизация863
Көрнекі фото: recycle.kz

"Оператор РОП" ЖШС-нің утилизациялық алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды үкімет басшысының ресми сайты.

Премьер-министр сайтының жазуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының үкіметі "Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы" қаулы қабылдаған.

Құжатқа сәйкес, "Жасыл даму" АҚ мемлекеттік ұйымы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалған.

"ӨКМ Операторы" ЖШС-нің ( "Оператор РОП" - ред. ) утилизациялық алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды. Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функцияларын мемлекеттік ұйым – "Жасыл даму" АҚ орындайтын болды", - делінген үкімет қаулысында.

Еске сала кетейік, президент 11 қаңтарда өткен мәжіліс отырсында "Оператор РОП" компаниясының қызметін сынға алып, үкіметке ЖШС-нің утильдік алымды әкімшілендіру қызметін тоқтатуды тапсырған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951855-operator-rop-zss-nin-utilizaciyalyq-alymdy-akimsilendiru-qyzmeti-toqtatyldy/