Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тым аз": Павлодарда жалақысының мардымсыз екенін айтқан пошташы-курьерлер бас көтерді

Опубликовано:

Пошташылар
Видеодан кадр: Астана телеарнасы

Павлодарда жалақысын даулаған пошташы-курьерлер жанайқайын жеткізді. Айтуынша, оларды былтырдан бастап "Қазпошта" мекемесі жұмыстан қысқартып, келісімшарт негізінде қайта жұмысқа қабылдаған. Бастапқыда 100 мың теңгеге дейін жалақы алып келгендердің қазір айлығы 50 мың теңгеге дейін қысқарып қалған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

"Қазпошта" мекемесінде курьер болып жұмыс істейтіндердің бірі - Светлана Котова. Еңбек өтілі 20 жылға жуықтаған. Бұған дейін 100 мың теңгеден аса жалақы алып келген оның былтырдан бері еңбекақысы екі есе азайған.

Бұған мекемедегі өзгерістер себеп болыпты. Пошташы болған оны басшылары курьер қызметіне ауыстырып жіберген.

"Бізге бастықтарымыз жұмыстарың ауысқанмен, еңбекақы сақталады деп сендірді. Былтыр қыркүйек айынан бастап, курьер болып жұмыс істеп жүрмін. Алайда айлығымыз тым аз. Кей айда 48 мың теңге, кейде 43 мың теңге ғана қолыма алам. Бұл жалақымның ішіне қоғамдық көлікпен жүру шығындарым да кіреді. Ал бұрындары 100 мыңнан астам жалақы алып жүрдім", - дейді Светлана Котова.

Телеарнаның мәліметінше, дәл осындай жағдайға қатысты Павлодар қаласы бойынша 45 пошташы шағымданып отыр. Олар штаттағы қызметкер болмағандықтан, еңбек демалысы, уақытша жұмысқа жарамсыздығы үшін алатын ақыдан да қағылған көрінеді.

Пошташы-курьерлердің шағымына қатысты "Қазпошта" АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Ерік Әліпұлы жауап берді.

"Әр жеткізілімнің өз тарифі бар. Хат жеткізу үшін мынанша теңге, газет жеткізу үшін мынанша теңге деген. Кім қандай көлемде жеткізілімдер жеткізеді, сол көлемде ақшасын алып отыр. Бұл жерде бізде осындай пилоттық жоба жүріп жатыр", - дейді ол.

Пошташылар мәселесін айтып, "Nur Otan" партиясының облыстық филиалына да жүгінген.

"8 теңге үшін хат-газет жеткізу өте қиын мәселе. Егер ол жаяу аралап, бұл сәлемдемелерді жеткізетін болса, тіптен қиын жұмыс. Сондықтан да біз бұл мәселені өз бақылауымызға алдық. Мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтын боламыз", - дейді Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко.

Материал авторы: Ө. Қуанар

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956290-tym-az-pavlodarda-zalaqysynyn-mardymsyz-ekenin-aitqan-postasy-kurerler-bas-koterdi/

pixel