"Не жеп жүргенімізді өзіміз білмейміз": Алматы тұрғыны таза өнім тұтыну үшін қаладағы үйін тастап, ауылға көшіп кетті

Опубликовано:

Жарқын Байділдәқызы отбасымен
Жарқын Байділдәқызы отбасымен. Сурет: жеке архивінен

Алматы облысының тұрғыны Жарқын Байділдәқызы оңтүстік астанадағы үйін сатып, мал шаруашылығымен айналысу үшін ауылға көшкен. Қазіргі таңда әйел қазақтың ұлттық сүт өнімдерін ежелден келе жатқан технологиялар арқылы әзірлеуді қолға алған. Ол бұл қадамға табиғи таза өнімге мұқтаждықтан барғанын айтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жарқын Байділдәқызы бүгінде Алматы облысындағы ауылдардың бірінде мал өсіріп, табиғи таза сүт өнімін жасаумен айналысады. Құрттың бірнеше түрін, ірімшік, сары май, сарысу және сұйық айранды байырғы тәсілмен әзірлейді.

Алайда бұл кәсіпке ол өз еркімен емес, мұқтаждықтан келдім, дейді. Себебі, бір емес, екі бірдей жақыны ауырып, оларды аяқтан тік тұрғызу міндеті мойнына артылған кезде, әйел қоспасыз табиғи өнімдерді тұтынудың қаншалықты маңызы бар екенін жете түсінгенін айтады.

"Мен ширек ғасырға жуық уақыт бойы осы тағамдардың құрамын, олардың адам ағзасындағы маңызын зерттеумен айналысып келемін. "Ас адамның арқауы" екенін жақындарым науқастанып қалғанда түсіндім.
Адам тұтынатын азық-түлік сапалы болса, оның денсаулығы да соншалықты "сапалы" бола түсетініне әбден көзім жетті. Мәселен, қызым дүниеге келгенде дәрігерлер оған ауыр дәрежедегі дисплазия деген диагноз қойған. Аяқ сүйектері жамбасынан 4 см-ге алшақ болып туды. Бұл өте ауыр диагноз.

Себебі, баланың аяғы, былайша айтқанда, тек қана етке ұсталып тұр деген сөз. Мен дәрігерден оның неден болатынын сұрағанымда, оның себептерінің бірі ретінде бала құрсақта жатқанда ананың дұрыс тамақтанбауын атады.

Қаладағы ең мықты деген ортопедке жазылып, бұл дерт өте ұзақ емделетінін, оған үлкен сабыр мен төзім, бастысы ата-анасының күтімі керек екенін естіп, белімді бекем будым. Сонымен қатар, басқа процедуралармен қатар дәрігер ірімшікті тұтынудың маңызы зор екенін және ол қоспасыз, таза ірімшік болуы керек екенін айтты.

Бұл таза ірімшікті қаланың еш жерінен таппай, қиналғаным есімде. Бірақ әупірімдеп жүріп, сұрастырып жүріп, әзер таптым. Ірімшікті грамдап, қасықтап кішкентайымның аузына тыққаным есімде. Бала өсіп келе жатты. Бірақ оған оқыс қимылдауға секіруге, жүгіруге болмайтын", - дейді ол.

Жарқынның айтуынша, қызы алты жасқа толғанша ол күні-түні көз алмай, оның жүрісін аңдумен болған. Үш ай сайын бақылау үшін аппаратқа түсіп, жағдайын қадағалап отырған.

"Осылайша, мен қызымды аяққа тұрғыздым. Қазір студент. Бірақ алты жыл бойы мен таза ірімшік іздеп, базар аралағаным есіме түссе, жылағым келеді", - деп баяндады Жарқын.

Алайда, "жұт жеті ағайынды" демекші, Жарқын қызын емдеп әлек боп жүргенде оның жолдасы инсульт алып, алты ай бойы төсек тартып жатып қалған. Қайсар әйел онда да мойымауға тырысып бақтым, дейді.

"Бәрі сіздің қолыңызда. Жолдасыңызға ота жасаймыз, отадан кейін қатаң диета сақтасаңыз, онда алдыма қайта айналып келмеуіңіз мүмкін. Бірақ, егер ол диета ұстай алмай, қоспасы бар тағамдар пайдаланса, онда біз қайта келмесіңізге кепілдік бере алмаймыз, деп шорт кесті дәрігерлер.
Диета бойынша сары майды грамдап беру керек болды. Ал қоспасы бар тамақ жесе, оның жүрекке баратын қан тамыры бітеліп қалып, қайта инсульт алу қаупі туындады. Енді мен ірімшік емес, қолдың сары майын іздеуге көштім. Оны да әзер таптым. Бірақ, менің түйгенім, қазір біздің қоғам табиғи таза өнімге мұқтаж екен. Дастарханда бәрі толып тұрады, бірақ оның пайдалысы жоқ, дүкенде бәрі самсап тұр, бірақ түптің түбі келгенде біз экологиялық өнімнен алыстап барады екенбіз", - дейді Жарқын.

Жарқын жолдасы мен қызын емдеп шығарған, алайда бұл үшін бірнеше жылын сарп еткен.

"Осы жылдардың нәтижесінде мен қолайлы қала өмірінен бас тартып, ауылға көштім. Бухгалтер болып жұмыс істеп жүрген жерімнен шығып, сиыр сауып, май шайқап, құрт жасай бастадым. Қазір біздің дастарханда тек қана таза өнімдер. Тіпті консерванты бар, қоспасы бар шай да ішпейміз. Алланың жаратқан қара суы мен қолдан жасалған сүт өнімдері кімге болса да, пайдалы.

Біз өзіміздің төл тағамдарымызға қайта оралуымыз керек. Құрттың түр-түрін жасаймын. Ежегей, малта құрт, одан бөлек, сарысу мен сұйық айранды да өзім жасаймын. Бүгінде менің жасаған өнімдерімді сұрап келетін жандар көп. Әсіресе, қант диабетіне шалдыққандар сарысу іздеп келеді. Мұның бәрін мен қазақтың ежелден келе жатқан технологиялары арқылы жасаймын. Қазір біз не жеп жүргенімізді өзіміз білмейтін дәрежеге жеттік. Қоспалардың түр-түрі қосылған өнімдер өте көп. Сондықтан, дастархандағы әрбір өнімге мән берейік", - деп өз ойымен бөлісті ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1956983-ne-zep-zurgenimizdi-ozimiz-bilmeimiz-almaty-turgyny-taza-onim-tutynu-usin-qaladagy-uiin-tastap-auylga-kosip-ketti/