Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір түнде 149 ота: Алматы дәрігерлері қаңтар оқиғасы жайлы жантүршігерлік жайтты бөлісті

Опубликовано:

Керемет Нәлібайқызы
Керемет Нәлібайқызы. Видеодан кадр: "Алматы" телеарнасы

5 қаңтар күні Алматыда оқ тиіп, бас жарақатымен ауруханаға түскен ауыр халдегі пациенттерге хирургтердің небәрі 7 тобы кезекпен операция жасаған. Ақ халаттылар азаматтарды өлімнен арашалап қалу үшін 24 сағат бойы нәр татпай, 149 ота жасаған, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Керемет Нәлібайқызының орталық қалалық клиникалық аурухананың ота жасау бөлімінде жұмыс істеп жүргеніне 23 жыл болған. Алайда қаңтар оқиғасы кезіндегідей ауруханадағы жағдайды ешқашан көрмегенін айтады. Мейірбикенің айтуынша, 5 қаңтар күні түске қарай күтпеген жерден ауыр халдегі науқастар түсе бастаған. Олардың көп болғаны соншалық, ота жасайтын бөлімде орын қалмапты. Дәрігерлер жараланғандарға алғашқы көмекті қабылдау бөлімінде көрсетуге мәжбүр болған. 

"Бірден басталып кетті. Астыңғы қабатта, қабылдау бөлімінде де үлгере алмай жатты. Қан-қан науқастар түсіп жатты, қабылдап жатты. Біз есіміз шыға жүгіріп жүрміз. Үйде жатқан хирургтерді де, дәрігерлерді де, бәрін шақыртты. Ауруханада мамандар жетпей қалды. Өзіміз қанша операция бөлімінде істесек те, соншалықты қанды көрмеген едік. Өте қиын болды", - деп еске алады Орталық қалалық клиникалық аурухананың ота жасау бөлімінің мейірбикесі Керемет Бекжанова.

Осылай алғашқы көмек көрсетуге ұмтылған ақ халаттылар 3 тәулік бойы аяқтан тік тұрып еңбек еткен. Олардың айтуынша, науқастардың басым көпшілігіне оқ тиіп, пышақ жарақаты салынған. Арасында басына зақым келіп, қол-аяғы сынған, қатты қан кеткен ауыр халдегі пациенттер де болыпты. Сол кезде ота жасатуға кезегін дәлізде күтіп жатқандардың жанайғайы әлі де есімнен кетпейді, дейді мейірбике. 

"Дәлізде науқастар жатты. Сонда мені "Катя" деп шақырады ғой. Жүгіріп жүрген кезімізде бір науқас ұстап алды да, "Әй Катя, бері кел! Мені қашан аласыңдар?" деген кезде менің халатымды жыртып жіберді. Жас бала еді сол. Сол сәт қатты есімде қалыпты. Мен "қазір, қазір, шыда" дедім. Жастар көп болды, негізі. Арасында үлкен кісілер, қонаққа, досыма келіп едім дегендер болды. Бірақ өте аянышты болды", - дейді Керемет Бекжанова.

Жалпы, 5 қаңтар күні Орталық қалалық клиникалық ауруханасына 191 науқас түсіпті. Сол күні бір түнде олардың ауыр жағдайдағы 149-ына травматологтар мен нейрохирургтар, қан тамыры хирургтері ота жасаған. Ал 9 кезекші бригада тәртіпсіздік орнынан жаралыларды тасыған.

"Біздің мойнымызға артылған жүк ауыр еді. Бір хирургтің бір түнде 7 операция жасауына тура келді. Бұл деген өте қиын. Бейбіт күндері отаны жоспарлы түрде жасаймыз. Оның өзінде 1 операцияға кемінде 2-3 сағат уақыт кетеді. Ал сол күні әрбір науқастың өмірін құтқару үшін отаны барынша жылдам жасауға тырыстық. Күнделікті қанды көріп жүрсек те, сол күндері біз үшін психологиялық тұрғыдан ауыр болды. Ол күнді ешқашан ұмытпаймыз", - деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың қан тамырлары хирургі Сұлтан Илиев. 

"Қаңтардың 5-інен 8-іне дейін ауруханада қонып жүрдік. Әр операция бөлмесінен бірінен соң бірі шығып жатқанда, "мен анау отада тұрамын, мұнда тұрамын" деген жоқ. Бірден кезекпен алып жаттық. Әрине, ол жерде қиындық болды. Бірақ бізде қорқып, қиналып тұруға да уақыт болған жоқ. Тез-тез науқасқа көмектесу керек болды", - дейді Орталық қалалық клиникалық аурухананың ота жасау бөлімінің аға мейірбикесі Назира Қаңылбаева. 

Дәрігерлердің айтуынша, науқастар легі 6-7 қаңтар күндері азайған. Ал жеңіл жарақат алған пациенттер үйлеріне амбулаторлық ем қабылдауға жіберіліпті.

Айта кету керек, жаппай тәртіпсіздік кезінде аурухандағы медицина қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпеген. Қазір аурухана штаттық режимде жұмыс істеп, тәулігіне 24 сағат шұғыл және жоспарлы көмек көрсетуін жалғастырып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1957381-bir-tunde-149-ota-almaty-darigerleri-qantar-oqigasy-zaily-zantursigerlik-zaitty-bolisti/

pixel