Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балалармен далада қалғым келмейді": Жалғызбасты әйел анасынан қалған үйден айырылып қалудың алдында тұр

Опубликовано:

баспана
Фото: Нәзиля Шегебаеваның жеке мұрағатынан

Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны, екі баланың анасы Нәзиля Шегебаева марқұм анасынан қалған баспанадан айырылып қалғысы келмейтінін айтып, KAZ.NUR.KZ редакциясына хабарласты. Екі баласымен жалғыз қалған әйелдің басына пана болған ескі пәтер банктердің бірінде кепілде тұр. Ал келіншек банк алдындағы берешекті өтемек түгілі екі баласына тіске басар нан таппай отырғанын айтады.

Нәзиля Шегебаеваның сөзіне сенсек, марқұм анасы Кеңдала ауылының орталық көшесінде орналасқан пәтерді көзі тірісінде банкке кепілге қойған. Алайда анасы 2018 жылы қайтыс болған. Нәзиляның айтуынша, бүгінгі таңда анасының атындағы қарыздың қалған сомасы - 3 миллион 900 мың теңгеге жуық.

Ескі үй
Фото: Нәзиля Шегебаеваның жеке мұрағатынан

"Анам кезінде жұмыс істеп еңбектеніп үй алған. Өзіміз апалы-сіңлілі үш қыз болдық, әпкем 20 жасында қайтыс болды. Ал сіңлім қазір бөлек пәтер жалдап тұрады. Дәл қазір жағдайым ауыр. Банкке анамның атындағы қалған қарызды төлей алмай жатырмын. "Үйден шық" деп талап етуде. Кішкентай балаларыммен баратын жерім жоқ. Анам бізге айтпай, сол күйіктен қайтыс болды. Өзімнің де денсаулығым дұрыс емес, онкологиядан анықтама берді. Қарайласатын, көмектесетін ешкімім қалмады. Наным, тамағым таусылса көршілерім көмектесіп тұрады. Екі баламмен қайда барамын? Банкте кепілдікте тұрған мына үйімізді "3 миллион 900 мың теңге қарызды төлемесеңіз босатып бер" деп талап етіп отыр", - дейді Нәзиля Шегебаева.

Нәзиля 2019 жылы күйеуімен ажырасып кеткенін, ер адам балаларынан заңды негізде бас тартқанын айтады.

"Ұлым сегіз жаста, қызым бір жасқа жаңа толды. Балама алатын жәрдемақы тоқтап қалды, Сонымен мешітке барып, көмек сұрап жүрмін", - дейді ол.

Нәзиля әлі күнге дейін пәтерді өз атына аудара алмай жүргенін де айта кетті. Оның себебі, тағы да қаражаттың жоқтығы екен.

"Осы үйімді құтқаруға көмек берсеңіздер екен, банк алдында 3 миллион 900 мың теңге қалған еді. Оның кепілде тұрғанын енді біліп жатырмын. Банк босатып бер дегеннен соң шырылдап отырмын. Анамның мұрагерлігін қабылдауға ақшам болмай жатыр. Ел үйлі бола алмай жүргенде мен мына үйден айырылып, бала-шағаммен далада калғым келмейді", - дейді жанайқайын жеткізген келіншек.

Ал күні кеше Нәзиляның сөзінше, үйіне банктен өкілдер келіп, үйдің аукционға қойылатынын ескертіп кеткен.

Жалғызбасты ананың мәселесі бойынша заң ғылымының кандидаты, адвокат Мадияр Аймурза пікір білдірді.

"Кепілде тұрған пәтер анасы қайтыс болғанда балаларына мұра ретінде өтуі керек болатын. Егер балалары мұрадан бас тартқан болса, онда балалары үйге де ие бола алмайды, оның қарызын да төлемейді. Ал егер балаларының екеуі бас тартып, осы кісі өз атына аударған болса, онда бұл кісі анасының несие бойынша міндетін де өтеуге міндетті.

Бұдан бөлек, заңгер үйді аукционға қоюға қатысты жағдайды да түсіндірді.

"Егер анасы сол кезде келісімшартта соттың шешімінсіз кепілдегі үйді сатуға рұқсат берген болса, онда банк аукционға қоя алады", - дейді Мадияр Аймурза.

Нәзиля Шегебаеваның жағдайы бойынша портал тілшісі банкке де сауал жолдаған болатын, алайда банк өкілдері бұл мәселеге қатысты әзірге пікір білдірмеді.

Нәзиля Шегебаеваның тығырықтан шығуына көмектескісі келген жандар үшін төменде реквизиті берілген.

Kaspi Gold:

+7 747 926 26 95 Нәзиля Ш.

Хабарласу үшін телефон нөмірі: + 7 747 226 2693

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1957501-balalarmen-dalada-qalgym-kelmeidi-zalgyzbasty-aiel-anasynan-qalgan-uiden-aiyrylyp-qaludyn-aldynda-tur/

pixel