Жамбылдықтар Алғыс айту күнін кең көлемде атап өтті

Опубликовано:

Алғыс айту күні
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен бірқатар шара өтті. Аймақ басшысы алдымен "Қазақ еліне мың алғыс" монументіне гүл шоқтарын қойды. Шараға облыстық, қалалық, мәслихат, ардагерлер, қоғамдық Кеңес төрағалары, зиялы қауым, қоғам белсендірлері, этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты.

"Осыдан алты жыл бұрын еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бұл күн Алғыс айту күні болып белгіленген.

Тарихтан белгілі, біздің ата-бабаларымыз соғыс, ашаршылық секілді қиын кезеңдерде елімізге қоныс аударылған көптеген ұлт өкілдерін шетке теппей, бауырына басқан. Бір үзім нанымен бөлісіп, қонақжайлық танытты. Сол достық пейіл, бірлігіміз бүгінге дейін жалғасып келеді.

Бірлік – бақ-беркенің бастауы демекші, біз көп ұлтты мемлекетіміздің ынтымағын, татулығын сақтауға тиіспіз. Қоғамдық келісім – тұрақтылығымыздың, дамуымыздың кепілі.

Баршаңызға Қордай, Байзақ, кешегі Қаңтар оқиғалары кезінді бірліктеріңізді көрсетіп, түсіністік танытқандарыңыз және қалыпқа келтіру жұмыстарына белсенді атсалысқандарыңыз үшін алғыс айтамыз.

"Бейбітшілік пен келісім", "Асарлатып үй салу", "Таразға тарту", "Жомарт түлек" секілді жобалардың жемісті жүзеге асуына көрсеткен қолдауларыңызға ризашылығымды жеткізгім келеді. Бұл жобалар мұқтаждардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ете отырып, барша жамбылдықтарды бірлікке, қамқорлыққа, патриоттыққа үндейді",- деді Б. Сапарбаев.

Алғыс айту күні
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Өз кезегінде этно-мәдени орталықтарының өкілдері мерекенің маңыздылығын атап өтіп, бауырмал қазақ еліне деген алғыстарын білдірді.

Бұдан соң облыс әкімі "Қоғамдық келісім" мекемесінің "Достық" үйінде жасы 100-ге келген бірқатар ардагерлер, қоғам белсенділері және түрлі сала қызметкерлерін, жаппай тәртіпсіздік пен төтенше жағдайлар кезінде қызметтік міндетін адал атқарған азаматтармен кездесіп, марапаттады.

"Қарғыс алма, Алғыс ал!"-деген жақсы сөз бар. Алғыс айту –адамдардың бір-біріне деген ризашылығы, құрметі.

Бүгінде Жамбыл облысында 90-ға жуық этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олардың арасындағы бірлік пен келісімді сақтау, достық қарым-қатынасты дамыту баршамыздың міндетіміз.

Алғыс айту күні
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Біз ең бірінші аға буын ата-апаларымызға елеулі еңбектері үшін алғыс айтуға тиіспіз. Өңіріміздің өркендеуі жолында жемісті жұмыс жасап, демеушілік, қайырымдылық шараларға белсене атсалысып жүрген кәсіпорындарға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау, төтенше жағдай департаменттері қызметкерлеріне, облыстың дамуына атсалысып жүрген түрлі сала қызметкерлеріне, дәрігерлерге, мұғалімдерге, спортшыларға және барша жерлестерімізге алғыс айтамыз" ,- деді аймақ басшысы.

Алғыс айту күні
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

"Соңғы жылдары облыс орталығы көркейіп, тамаша кейіпке еніп келеді. Облыстың барлық бағытында оң өзгерістер байқалады. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтар ризашылығымды жеткізгім келеді. Қаңтар оқиғасы секілді келеңсіз оқиғалар қайталанбасын деп тілеймін. Елімізде тек бейбітшілік, тұрақтылық болсын" , - деді байзақтық 95 жастағы ардагер Серік Мамайұлы.

Алғыс айту күні
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

"Көне Тараз" кешенінің алаңында тұрғындарға арналып концерттік бағдарлама, спорттық шаралар, көрме, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, тегін ыстық тамақтар таратылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958702-zambyldyqtar-algys-aitu-kunin-ken-kolemde-atap-otti/