"Қызыма жету үшін 40 сағат жол жүрдім": Украинада қалған қазақстандық журналист өз оқиғасын баяндады
Жарияланған күні:
"Хабар 24" арнасының Украинадағы меншікті тілшісі Аида Хаметжан журналист Ләйлә Сұлтанқызына сұхбат беріп, басынан өткен жайды баяндады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Украинада жағдай ушыққан сәтте Аида Испанияның Барселона қаласында жүрген. Жағдайды естіген бойда ол автобус арқылы кері қайтады. Себебі, жеті жасар қызы әкесі және әжесімен бірге Украинада қалған болатын.
"Мен сол күндері Испанияда жүр едім. Шенген аймағына кіруге рұқсат беретін виза дайындау мақсатым еді. Испан тілін де үйреніп жүрмін. Алайда бұл оқиға менің дереу шешім қабылдауыма әсер етті. Ең алдымен жеті жасар қызымды ойладым. Ол әжесі және әкесімен қалған еді. Осындай қиын сәтте қызымнан алшақта болғаным қатты қинады.
Таныстарым арқылы арнайы рейс тауып, Украинаның Львов қаласына Барселонадан 40 сағатта жеттім. Бүкіл Еуропаны аралап, Украинаға тікелей жол тарттым. Өзіммен бірге суым, аздаған тамағым болды. Польша шекарасынан Украинаға тез өттім. Бірақ ол жақтан қашып, Польшаға өткісі келетіндер шекарада алпыс шақырымды құрап тұрды. Өзім бірнеше жылдан бері тұратын Украинаның, украин халқының мұндай келбетін көру маған қиын болды", - дейді Аида.
Қазақстандық журналист қызымен аман-есен қауышқан. Бірақ Львов қаласынан өзінің отбасы паналаған аймаққа жету үшін тағы да 5-6 сағат уақыт кетеді.
"Украинаға кірген соң қауіпті шын сезіне бастадым. Аспаннан ұшып жатқан ұшақтың дауысы бейбіт күнде бөлек, мұндай жағдайда бөлек естіледі екен. Қызыма аман-есен жетуді ойладым. Қуанышқа орай, коменданттық сағат басталғанға дейін келіп үлгердім. Карта да дұрыс істемей, такси жүргізушісінің шеберлігі арқасында жеттік. Қазір бұл жақтағы балалардың бір ғана сұрағы бар. Барлығы да: "Мама, үйге қашан қайтамыз?" дейді. Мұндағы халық жағдай екі-үш күнде тұрақталады деп ойлады. Бірақ ахуал күн санап қиындап барады", - дейді журналист.
Аида Хаметжан бүгінде отбасымен бірге Украинаның батысын паналауда. Ол өзінің елге неліктен келмегенін де түсіндірді.
"Мен де өзгелер сияқты жағдай жақсарады деп ойладым. Оның үстіне, баламен жүру қауіпті. Өзім болсам, жүре берер едім. Журналистік міндетім де бар. Нағыз керек шақта кетіп қалғаным да болмас. Бірақ күн сайын аспанның қауіпсіз еместігін айтатын хабарлама жиі келіп жатыр. Баламен жүру қауіпті, мүмкін, соңғы ұшаққа болса да үлгеретін шығармын. Елшімен, консулмен жақсы байланыстамын. Мұндағы қазақстандықтармен де бір чатта отырамыз", - деді Аида.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1958923-qyzyma-zetu-usin-40-sagat-zol-zurdim-ukrainada-qalgan-qazaqstandyq-zurnalist-oz-oqigasyn-bayandady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.