Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аймағамбетов: Мұғалімдердің міндетті біліктілік арттыру курстарынан өту мерзімі өзгереді

Опубликовано:

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: www.kaznpu.kz

Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram каналында мәжілісте екінші оқылымда қабылданған маңызды нормаларды көздейтін заң жобасы туралы айтып берді.

Министрдің сөзінше, енді стипендиялар студенттердің шоттарына тікелей төленеді деп жоспарланып отыр. Яғни осыған дейінгі ЖОО-ға аударатын жүйе болмайды.

"Сонымен қатар біз уәде бергеніміздей, жоғары оқу орындарының гранттары үшін қаржыландыру да студенттерге тікелей жолдама ретінде беріледі. Ал кейін қаржыны студенттердің өздері жоғары оқу орындарына төлейді", - деп жазды Аймағамбетов.

Аймағамбетовтың айтуынша, жоғары білім деңгейі бойынша жаңадан берілетін лицензиялар 5 жыл мерзімге беріледі. Бұған дейін лицензияның нақты мерзімі көрсетілмеген.

"Мәселен, 1992 жылы алынған лицензия барлық өзгеріс пен жаңа шарттарға қарамастан жарамдық күшін сақтап келді. Бүгінге дейін мемлекет лицензия мерзіміне қатысты талап қойған жоқ", - деді министр.

Сондай-ақ, ол жабылған ЖОО студенттеріне, басқа университетке ауысқандарға қатысты және басқа да құжаттардың көшірмелерін мемлекеттік мұрағатқа уақытылы тапсыру үшін жауапкершілік енгізілетінін хабарлады.

"Жабылған жоғары оқу орындарының студенттерін және олардың жеке істерін басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру, оқуын аяқтамаған немесе қорытынды аттестаттаудан өтпеген тұлғалардың жеке істерін, сондай-ақ осыған дейін білім беру ұйымында оқуды аяқтаған тұлғалардың жеке істері мен білімі туралы құжаттарының көшірмелерін мемлекеттік мұрағатқа уақытылы тапсыру үшін жауапкершілік енгізіледі", - деді министр.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, колледждерге академиялық еркіндік беріледі.

"Бірнеше жыл бұрын біз бұл реформаны жоғары білім деңгейінде жүргіздік. Енді колледждердің білім беру бағдарламалары ЖБП пәндерінің циклін қоспағанда, министрлік бекіткен типтік жоспарлар мен бағдарламалар емес, кәсіптік стандарттар мен жұмыс берушілердің талаптары негізінде құрылады", - деді Аймағамбетов.

Одан бөлек, министр мұғалімдердің біліктілік курстарынан өтуіне қатысты өзгерістерге де тоқталды.

"Мұғалімдердің міндетті біліктілік арттыру курстарынан өту мерзімі өзгеріп жатыр. Қазір 5 жылда 1 рет, 3 жылда кемінде 1 рет өту ұсынылады. Бүгінде бәрі жылдам өзгереді, сондықтан мұғалімдердің де өз біліктіліктерін жиі арттырғаны абзал", - деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов жоғары білім беруде жаңа онлайн оқыту формасы енгізілетінін мәлімдеген еді. Енді ЖОО-лар оқытудың онлайн түрінде белгілі бір оқыту бағыттары бойынша кадрларды дайындай алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960026-aimagambetov-mugalimderdin-mindetti-biliktilik-arttyru-kurstarynan-otu-merzimi-ozgeredi/

pixel