Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ жігіті ауыз суға мұқтаж африкалықтарға құдық қазып берді (фото)

Опубликовано:

Отандық кәсіпкер Африкада құдық қазды
Фото: Яков Федоров/ Блогер-саяхатшы

Елдос Айбеков есімді отандық кәсіпкер Африка құрлығындағы ауыз суға мұқтаж тұрғындарға құдық қазып берді. Қазақстан атынан сыйға тартылған құдық Уганда мемлекетіндегі Наноко елді мекенінде орналасқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кәсіпкер мұндай сауапты істі бұрыннан жоспарлаған. Ол бұл үшін Африканың ауыз суға мұқтаж аумақтарын жіті зерттеп, ұзақ уақыт бойы саралаған.

Ақырында Елдос Айбеков Угандадағы жергілікті ұйымдармен байланысып, өз мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік алыпты. Нәтижесінде құдық қазу үшін екіжақты келісімге келген. Оның құрылысы ақпан айында басталып, наурыздың 12-сі күні аяқталды. 13 наурызда ашылу салтанаты ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар қазақстандықтарға алғысын білдірді.

"Біз - таза суға қол жеткізе алмай отырған ауыл тұрғындарымыз. Қарапайым тұрмыс кешеміз. Азын-аулақ ешкі ұстаймыз. Қазір суды 5 шақырым жердегі өзеннен тасып ішіп отырмыз. Бұл, әрине, таза су емес. Мұның бәрін балаларымыз тасып әкеледі. Мотоцикл, велосипеді бар адамдар сирек. Көбіне жаяу тасимыз.

Бүгін Елдос Айбеков деген жігіт жерімізге келіп, ауылдың қақ ортасынан үлкен құдық қазып берді. Алғысымызда шек жоқ. Балалардың қалай қуанғанын көрдіңіз бе?! Олардың қуанышын көріп, біз де ерекше қуанып тұрмыз. Елдос мырзаға көп рақмет. Алла істеген жұмысына береке берсін.

Біз Қазақстан деген мемлекет жайлы мүлде білмейтін едік. Осы жағдайдан кейін ешқашан ұмытпастай болдық.

Бұл қуанышты көрген балалар Қазақстанды, көк туларыңызды мәңгі жадында сақтап қалары анық. Қазақстанға сәлем!",- дейді 63 жастағы тұрғын Соока Шариф.

Отандық кәсіпкер Африкада құдық қазды
Фото: Яков Федоров/ Блогер-саяхатшы

Кәсіпкер Африка құрлығының екі өңірі мұндай құдыққа мұқтаж екенін анықтаған. Алайда екі өңірдегі проблеманы толыққанды зерттей келе, нақты бір шешімге келіпті.

"Бірі – Уганда, екіншісі – Кения. Екеуі де Шығыс Африкада орналасқан. Алғашында құдықты Кениядан қазамыз деп ойладық. Өйткені, Кениядағы қызметтің бағасы Угандаға қарағанда арзан болды. Кейін қос мемлекеттің жағдайын зерттеп, Уганданың жалпы ішкі өнімі Кениядан 3 есе төмен екенін көрдік.

Ойлана келе, құдықты таза суға шын мұқтаж халыққа қазып берейік деген қорытындыға келдік. Бүгін құдығымызды қолданысқа бердік. Тұрғындардың, балалардың қуанышын көріп, ерекше толқынысты күй кештім. Бұл жобамыз Қазақстан мен Уганда мемлекеттерінің арасындағы байланысты нығайта түседі деген сенімдеміз",- дейді Елдос Айбеков.

Отандық кәсіпкер Африкада құдық қазды
Фото: Яков Федоров/ Блогер-саяхатшы

Құдық қолданысқа берілгеннен кейін Елдос Айбеков Қазақстаннан арнайы апарған мектеп жабдықтарын үлестірді.

Отандық кәсіпкер Африкада құдық қазды
Елдос Айбеков тұрғындармен бірге. Фото: Яков Федоров/ Блогер-саяхатшы

Ол мемлекеттік туымыз бейнеленген дәптер, қалам, қаламсап, сөмкені ноноколық балаларға таратып берді. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарына 2 қазан палау таратылып, балаларға тәттілер берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1960648-qazaq-zigiti-auyz-suga-muqtaz-afrikalyqtarga-qudyq-qazyp-berdi-foto/

pixel