Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында 1 ай бұрын жоғалып кеткен жас келіншек аман-есен табылды

Опубликовано:

Назым Алдаш
Фото: Түркістан облысының полиция департаменті

Түркістан облысының полицейлері 1 ай бұрын жоғалып кеткен және халықаралық іздеу жарияланған Назым Алдашты аман-есен тапты, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құзырлы органның мәліметінше, 24 ақпанда Түркістан облысы Сауран аудандық полиция бөліміне жоғалған жас келіншектің анасы арызданған.

Ол өз арызында үйінде жүрген аяғы ауыр қызының "ауруханаға кеттім деп", сол күйі оралмағанын айтқан.

Жоғалған жас келіншекті тез арада табу үшін Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тәртіп сақшыларына шұғыл тапсырма беріп, бұл жайтты жеке бақылауына алған.

Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов бастаған тәжірибелі полицейлер тобы жұмылдырылған. Сонымен қатар аудандық полиция басқармасынан, бөлімдерінен де полицейлер тартылған.

Одан бөлек Сауран аудандық полиция бөлімінің полицейлері Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына, Тараз, Шымкент, Алматы қалаларына іссапармен шығып, іздестірген. Алайда іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, жоғалған жанды табуға еріктілер атсалысқан.

Сондай-ақ жас келіншекке халықаралық іздеу де жарияланған. Оның жеке басы мен түр-тұлғасына қатысты мәліметтер суретімен бірге барлық аумақтағы полицейлерге жолданып, адамдар көп шоғырланған орындарға ілінген.

Осылайша күндіз-түні әрбір қадамды бақылап, сараланған жұмыстардың нәтижесінде із-түзсіз жоғалған Назым Алдаш аман-есен түнгі уақытта Жамбыл облысы Жаңатас қаласынан табылған.

Полицейлердің анықтауынша, Назым азаматтық некедегі жұбайымен бірге жүрген.

Ведомство қазір жас келіншектің із-түзсіз кетуіне кім немесе қандай жағдай себеп болғанын анықтау үшін жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962343-turkistan-oblysynda-xalyqaralyq-izdeu-zariyalangan-zas-kelinsek-aman-esen-tabyldy/

pixel