Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында тағы да мал қырылып жатқаны рас па

Опубликовано:

Қой
Фото: Ақ Жайық

Атырау облысының Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Махамбет аудандарында тұрғындар төрт түлікке зауал келгенін айтып отыр, деп жазады Ақ Жайық. Басылымның жазуынша, аталған жайттың себебі әзірге анықталмаған.

Басылым дерегінше, өңірдің ветеринариялық басқармасы басшылықтың Құрманғазы ауданында іссапарда жүргенін, басшылықсыз ешқандай ақпарат бере алмайтынын жеткізген. Тек малдың жаппай өліп жатқанын жоққа шығарып, бірен-саран малдың ауырғанын жеткізген.

"Аққыстау ауылдық округі тұрғындарының хабарлауы бойынша, теңіз жағалауын жайлаған жылқы малының артқы аяқтарын баса алмай, үйірлерінен қалып қойғаны анықталып отыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты мал иелеріне олардың суатын үнемі бақылауға алу жөнінде кеңес берілуде. Қазіргі уақытта екі иеліктегі 4 бас жылқы малына жергілікті ветеринар мамандар симтоматикалық емдеу жүргізуде. Малдардың күйі төмен, көтерем. Малдан қан сынамалары алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға, Ұлттық ветеринария референттік орталығына жолданды", - деді Исатай аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Аманжол Рахметов.

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Ақкөл және Құрманғазы округінде ауырған он шақты жылқыға неозидин, глюкоза, А, В, С дәрумендері беріліп жатқанын жеткізді.

"Олардың бәрі ветеринарлардың бақылауында. Жалпы ахуал тұрақты", - деді ол.

Ал Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков ауданда 809 қой мен мүйізді ірі қараның ринотрахеит және вирустық диареядан ауырып жазылғанын, мал өлімі жоқ екенін айтты.

Жергілікті ветеринарлар жылқының үстінде кененің көп болуынан және малдың күйінің төмендігінен ауырып жатқанын, ал "Атырау-Шопан ата" чатында әкімдер дүрбелеңге салатындай жағдай жоқ екенін айтқан болатын.

Қызылқоға ауданындағы "Ойтаң" шаруақожалығында белгісіз аурудан 200-ден астам қой, 10 бас сиыр өлген.

"Мал өлімі ақпанның ортасында басталды, одан бері бір жарым ай өтті. Мал өлімі әлі тоқтаған жоқ, күнде өледі. Аузы көбіктеніп, мұрнынан боқ ағып, азыққа қарамай жатып қалады. Не ауру екенін біле алмай отырмын. 25 ақпанда облыс орталығында өткен жиналыста мінберде тұрып, малдың ауырып өліп жатқанын айтып, комиссия жібертіп тексеруін өтінгенмін, ешкім келмеді. Тек 26 наурыз күні келіп, акт жасап, ауырған және өлген малдың қаны мен ішек-қарын сынамасын алып кетті", - дейді шаруа қожалығының қызметкері Айбар Ерекешов.

"Наурыз айында менен он бас жылқы өлді. Артқы аяқтарын баса алмай жатып қалады да тұрмайды. Қоңдары жақсы еді. Бұл не ауру екенін білмедім. Осыдан үш күн бұрын қан сынамасын алып кетті. Қашан қорытындысы шығатынын білмедім", - дейді Махамбет ауданындағы "Мүтиев Ғ. Д." шаруа қожалығының басшысы Биғали Мүтиев.  

"Менің жүз шақты жылқым бар. Желтоқсаннан бері 5 бас жылқым өлді, біреуі ауырып тұр. Үшеуін өзім сойып алдым. Ауырған жылқылар артқы аяқтарын баса алмай, қиралаңдап, ауа жетпей тұншығып өлуде. Жергілікті ветеринарлар қолдарынан келгенше ем-дом жүргізді, бірақ одан нәтиже болмады. Қырды аралап келдім, енді былтырғы туған құлындар да ауыра бастаған", - дейді Құрманғазы ауданының тұрғыны Самат Елемесов. 

Ал қоғам белсендісі Ғазиз Ғабдуллин өңірде мал ауруы мен өлімі бар екенін ертерек айтқанын жеткізді.

Ғазиздың сөзінше, ескертуіне селт еткен адам болмаған.

"Малды шаруагерлер өздерінше емдеп жатқанымен нәтиже жоқ. Малдың неден ауырып тұрғанын, қаншалықты жұқпалы екені әлі анықталмай жатыр. Біз "Шопан ата" қауымдастығы құрған шаруагерлер, облыстық, аудандық әкімдіктің орынбасарлары, басқарма басшылары біріккен арнайы чат ашқанбыз. Сонда мамандар жылқылар паразит пен шаруаның малды дұрыс қарамауынан әлсіреген деп кінә артуда. Мен арнайы Құрманғазы ауданына барып келдім. Ауру жылқыдан кене таба алмадық. Көтерем дегенмен келіспейміз, мал қоңды. Біз барған шаруашылықта бес мал ауырып тұрды.

Ал облыста мал сату, сою тоқтаған жоқ. Оның ішінде ауру мал жоқ деп айтуға келмес. Ол қандай ауру, адам денсаулығына қауіпті ме? Мәселе осында", - деді Ғазиз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1962836-atyrau-oblysynda-tagy-da-mal-qyrylyp-zatqany-ras-pa/

pixel