Қарағанды облысының әкімі арыққа батып көз жұмған 9 жасар баланың ата-анасына көңіл айтты

Опубликовано:

Жеңіс Қасымбек
Жеңіс Қасымбек. Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек арыққа батып кетіп, көз жұмған 9 жасар баланың ата-анасына көңіл айтты. Сондай-ақ ол мұндай қайғылы жағдай қайталанбас үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажеттігін жеткізді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі ресми сайтында хабарлады.

"Жергілікті жерлердегі барлық әкімдіктер халық арасында профилактиканы күшейтуі тиіс. Мұндай қауіпті жерлерде ескерту белгілерін қою қажет. Қазір басты міндет – осындай қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін барлық жағдайды жасау", - дейді Жеңіс Қасымбек.

Оның сөзінше, қардың еруіне байланысты қазір облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүріп жатыр. Сондықтан жауапты қызметтер штаттан тыс кез келген жағдайға дайын болуы керек.

Сонымен қатар облыс әкімі ата-аналарға балаларға көшеде туындауы мүмкін қауіп-қатер жайлы ескертуді сұрады. Сондай-ақ білім басқармасына мектептерде қауіпсіздік ережелері туралы іс-шаралар өткізуді тапсырды.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 3 сәуір күні Қарағанды қаласында болған еді. Куәгерлердің сөзінше, 9 жасар бала ойын барысында қар, жауын суы жиналатын арыққа абайсызда құлап, батып кеткен.

Оқиға орнына келген құтқарушылар 1 сағаттан кейін жасөспірімнің денесін арықтан алып шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963345-qaragandy-oblysynyn-akimi-aryqqa-batyp-koz-zumgan-9-zasar-balanyn-ata-anasyna-konil-aitty/