Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде биыл жазғы мектептер ұйымдастырыла ма: Министрлік көпті мазалаған сауалға жауап берді

Опубликовано:

Білім ордасы
Көрнекі фото: pixabay.com

Білім және ғылым министрлігі биыл Қазақстанда жазғы мектеп жұмысы қалай ұйымдастырылатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың сөзінше, биылғы оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тиісті бұйрыққа қол қойған. 26 мамырдан бастап 9, 11-сынып оқушылары емтихан тапсырады. Ал қалған сынып оқушылары үшін 17 маусымға дейін жалғасатын жазғы мектеп ұйымдастырылады.

"Жазғы мектеп – біліміңізді жетілдіріп, олқылықтарды толтыруға тамаша мүмкіндік. Пандемия оқу үдерісіне жақсы әсер етпегенін және мектеп оқушыларының кей тақырыптарды толық меңгермегенін жақсы білеміз. Басқа елдерде бұл мәселені шешу үшін оқу жылын ұзартады. Ал біз оқу жылын ұзартпай, жазғы мектеп ұйымдастырдық. Біз барлық оқушыға жазғы мектептен қалмауға кеңес береміз",- деді Гүлмира Кәрімова.

Жазғы мектептерде сабақтар әдеттегі форматта өтпейді. Икемді оқу кестесі ұйымдастырылады, сабақтар мұражайларға және экскурсияларға бару түрінде де өтеді.

"Бұл ретте жазғы мектепте оқушыларға баға қойылмайтынын, сонымен қатар үй тапсырмасы берілмейтінін атап кеткен жөн. Жазғы уақыттағы оқу мүмкіндігінше қызықты әрі мазмұнды өту үшін барлық жағдай жасалады. Кейбір балалардың репетиторлармен ақылы курстарға барып, қосымша білім алатынын білеміз. Осы орайда жазғы мектеп - біліміңізді шыңдап, олқылықтың орнын толтыруға да тамаша мүмкіндік. Оның үстіне мұғалімдер өз оқушыларының күшті және әлсіз жақтарын жақсы біледі",- дейді мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы.

Жазғы мектеп барлығына ұйымдастырылады. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты жазғы мектепке қатысты соңғы шешімді ата-аналар мен мектеп оқушылары қабылдайды.

"Бірақ бұл жерде бірінші кезекте баланың мүддесін, оның болашағын ойлау керек. Сондықтан, түпкілікті шешім ата-ананың қолында екеніне қарамастан, біз өз тарапымыздан жазғы мектепке баруға кеңес береміз, өйткені бұл, ең алдымен, балаларға қажет",- деді Гүлмира Кәрімова.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1963418-elimizde-biyl-zazgy-mektepter-uiymdastyryla-ma-ministrlik-kopti-mazalagan-saualga-zauap-berdi/

pixel