Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қару ұстауды Донбасста меңгерген: Ақбұлақта бес адамды атқан күдікті күтпеген мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Атыс болған жер
Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ақбұлақ ықшамауданындағы қанды оқиғаның ақ-қарасы ашылып келе жатыр. Күні кеше өткен сот отырысында куәгерлер мен жәбірленушілерден жауап алынып, кейін сөз сотталушының өзіне берілді. 30 минутқа жуық уақыт сөйлеген Игорь Дужнов қару ұстауды Донбасста жетік меңгергенін айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.

"Донбассқа бару туралы шешім қабылдағанмен, оны ешкімге айтқам жоқ. Алтыннан жасалған ескі бұйымдарымды сатып, 2 мың доллар таптым. Әйеліме қаржы мәселесін шешу үшін Ресейге жұмыс бабымен кеттім деген хат қалдырдым. Иә, мен осы уақытқа дейін қару ұстау бойынша тыңғылықты дайындықтан өткенмін. Ал тактикалық атыс бойынша дағдыны Донбасстағы ұрыстарда шынықтырдым",- деді Дужнов.

Сотта прокурор қанды қылмыс болған сәттің бейнежазбасын да көрсетті. Видеода сот орындаушылары үйге кіргенде Дужнов өзін ауыр күйде екенін айтып, гаражға қарай кетіп қалады. Сәлден кейін қолына мылтық алып шығып, келгендерге қабырғаға қарауын бұйырған. Ешкім мән бермеген соң қаннен-қаперсіз тұрғандарға оқ жаудырады.

"Гаражға кіріп, қаруымды он оқпен оқтадым. Ыңғайланып тұрып, үйге кіргендерге "қабырғаға қараңдар" деп бұйырдым. Үйге баса-көктеп кіруге қатысы жоқ адамдарға, нақтырақ айтсам, заңгер мен қамқоршылықтан келген әйелге шетке тұруға мүмкіндік бердім. Олар тыныш шығып кетті. Басып кірген топты атқаннан кейін көшеде көмекке келетін полицейлер тұрғанын түсіндім. Оларға да оқ аттым. Полицейлерді өлтіру мақсатым болмады, олар менің үйімнің сыртында тұрды",- деді сотталушы.

Оқ таусылған соң Дужнов гаражға барып, мылтығын қайта бес оқпен оқтаған. Кейін екінші қабатқа көтеріліп, өзін өлтірмекші болыпты. Алайда шырылдаған бүлдіршіндердің дауысын естігенде "райымнан қайтып, полицияға берілдім" дейді. Ол өзін кінәлі сезінбейді.

Айта кетейік, Дужновқа қатысты сот ісі 18 наурызда басталды. Оған "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптарымен айып тағылған. Қайғылы жағдай өткен жылы қыркүйек айында Алматының Ақбұлақ ықшамауданында болды. Банктен қыруар несие алып өтей алмай, сот шешімімен үйін алуға келгендерге Дужнов оқ жаудырып, бес адамды мерт қылды.

Дереккөз: КТК

Қайғылы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Одан бөлек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы атыс кезінде қаза тапқан полицейлер мен сот орындаушыны мемлекеттік наградаларымен марапаттаған болатын.

Сондай-ақ, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев атыс кезінде қаза тапқан полицейлер - Нұрбол Байғазиев пен Дархан Сүлеевтің отбасына пәтер кілтін табыстаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964091-qaru-ustaudy-donbassta-mengergen-aqbulaqta-bes-adamdy-atqan-kudikti-kutpegen-malimdeme-zasady/

pixel