Бұрынғы білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева қайтыс болды
Жарияланған күні:
Бүгін 8 сәуірде Білім және ғылым саласына еңбегі сіңген экс-министр Шәмшә Беркімбаева көз жұмды. Суық хабарды БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында естіртті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева 79 жасқа келген еді. Ол 2002-2003 жылдары еліміздің Білім және Ғылым министрі қызметін атқарды.
Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, Шәмшә Көпбайқызы еңбек жолын қарапайым ауыл мұғалімі болып бастаған.
Ол бірнеше жыл мектеп директоры, Алматы облысы партия комитетінің хатшысы, білім министрінің орынбасары, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінде бірінші хатшы, Алматы облысы білім басқармасының жетекшісі лауазымында қызмет етіп, Сенат депутаты болды.
Ұзақ жылдар бойы ол Қазақ қыздар педагогикалық университетін басқарған. Шәмшә Беркімбаева - педагогика ғылымының кандидаты, доцент, академик.
Білім және ғылым министрі оны еліміздің білім саласына көп еңбегі сіңгенін атап өтті.
"Шәмшә Көпбайқызы ауыл мектептерін дамытуға және дарынды балаларды қолдауға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді.
Жұмыс кездесулері кезінде Шәмшә Көпбайқызы үнемі өз тәжірибесімен және кеңестерімен бөлісіп, білім саласындағы жаңалықтарды қадағалады.
Отандық білім мен ғылым саласының көрнекті тұлғасының өмірден озуы – орны толмас өкініш. Шәмшә Көпбайқызының отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын", - деп жазды Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1964101-buryngy-bilim-zane-gylym-ministri-samsa-berkimbaeva-qaitys-boldy/